Басты бетЖаңалықтарАлматыда тағы...

Алматыда тағы 271 тұрғын қоныс тойын тойлады

Алматыда кезекте тұрған тағы 271 адам жаңа тұрғын үй кешенінен пәтер кілтін алды. Баспаналы болғандардың басым бөлігі – әлеуметтік әлжуаз санаттан.

Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.

Оның ішінде жетім бала – 27, I және II топтағы мүгедек – 28, жеңілдіктер бойынша Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген ардагер – 23, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы – 58, толық емес отбасы – 129, зейнеткер – бес және кейбір созылмалы аурудың ауыр түрінен зардап шегетін бір адам.

Баспаналы болған жанның бірі – 69 жастағы Марат Шаханов.

10 жылдан астам уақыт бойы мен кезекте тұрдым. Шынымды айтсам, осындай жағымды жаңалық күтпедім. Бірақ кеше маған қоңырау шалып, жаңа пәтер берілетінін хабарлады. Мен алтыншы қабаттағы үйімді көріп шықтым, құрылыс сапасына риза болдым. Биыл мұқтаж жандарға көптеп пәтер беріліп жатыр. Мұның бәрі Алматы әкімі Ерболат Досаевтың арқасы деп білемін. Қала билігіне жаңа пәтерде тұруға мүмкіндік бергені үшін өте ризамын, — деді Марат Шаханов.