Биыл Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінің (Атырау облысы) деңгейі 119 сантиметрге көтерілді. Бұл туралы ҚР су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, сәуір-мамыр айларында Жайық өзені арқылы тасқын суының мол келуі, сонымен қатар су ресурстары және ирригация министрлігі мен жергілікті әкімдік бірлесіп салған қосымша арналар тиімді әсер етті.
Еске салайық, су тасқыны кезінде Каспий теңізіне Жайық өзені арқылы шамамен 7,4 миллиард текше метр су жіберілді. Тасқын суын теңізге өткізу үшін Атырау облысы бойынша «Қазсушар» филиалы қосымша каналдарды пайдаланды. Ол арналар арқылы Каспийге 350 миллион текше метр су келді.
«Қазсушар» мамандары арналардың барлығында тазарту, нығайту және басқа да жұмыстар жүргізді. Мысалы, «Соколок» каналының бойында ұзындығы 14,5 шақырым болатын қосымша канал қазылды, ол арқылы тасқын суы Каспийге жіберілді.
Тасқын суы тек су қоймаларына жиналып қана қоймай, 12,4 миллиард текше метр су тоғандарға, лимандар мен табиғи шабындықтарға жіберілді. Су тасқыны басталғаннан бері Балқаш көліне 3,3 миллиард текше метр су жіберілді. Сонымен қатар Солтүстік Аралға су жіберу жұмысы жалғасып жатыр. Жыл басынан теңізге 1,1 миллиард текше метрден астам су келді, — деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.