Елімізде кітап кеміретіндер бар. Олар өзін “Кітап құрттары” деп атайды. Бұл клубтың мүшелері апта сайын бас қосып, кітап оқып, оны бірге талқылайды, поэзия кештерін ұйымдастырады. Baribar.kz тілшісі “Кітап құрттары” клубының негізін қалаған Талғат Меңдібаймен ерекше қауымдастық туралы сөйлесті.

“Кітап құрттары” клубын қызылордалық Талғат Меңдібай құрған. Талғат — мамандығы бойынша математика пәнінің мұғалімі. Оған қоса Жастар ақпараттық қызметінің ұлттық орталығын басқарады. Өзі кітап оқығанды ерекше ұнатады. Оның айтуынша, бір мезетте сүйікті хоббиінен пайдалы қауымдастық құруды жөн көрген.

“Мұғалім болған соң, түрлі мектепте, колледжде, университетте сабақ бердім. Оған қоса Жастар саясатында қызмет етіп, біраз жастармен жақсы араластым. Бір күні келіншегім “Өзің кітап оқығанды ұнатасың, біраз адамды танисың. Мүмкін осындай бір орта, қауымдастық ашарсың” деді. Сөйтіп ойлана келе, 2019 жылғы 2 ақпанда барлық танысымды бір ортақ чатқа қостым. Кейін оларға клубты және оның идеясын айттым. Қызығатындар чатта қалды, қалғандары чаттан шығып кетті”, — дейді Талғат.

Алғашында ол клубын “Кітапқұмарлар” деп атаған. Дегенмен көп ұзамай оны “Кітап құрттары” деп өзгерткен. Оның бірнеше себебі бар.

Талғат Меңдібай
Талғат Меңдібай. Фото жеке архивінен

“Біріншіден, бұл “Книжные черви” деген тіркесті тікелей аударғанымыз. Екіншіден, бұл атау көптің назарын аудартады және есте тез сақталады. Үшіншіден, “құрт алманың тәттісіне түседі ғой. Сол сияқты біз де кітапты кеміретіндер болайық” деген ниетпен ырымдап қойдық. Кейбір үлкен кісілер атауымызды түсінбей, сынап жатады. Дегенмен өзімізге ұнайды. Сондықтан оны өзгертпейміз”, — дейді Талғат.

“Кітап құрттары” клубының құрылғанына биыл бес жыл болды. Бүгінде ел аумағы бойынша 200-ден астам, ал Қызылордада 60-тан астам мүшесі бар. Олар әр сенбі кешкі жетіде жиылып, кітап оқып, оны талқылайды.

“Алғаш жиылғанымызда әркім өзінің оқыған кітабын айтты. Клубымызға кейін қосылғандарға да «Сіздің түсініп оқыған ең бірінші кітабыңыз қандай?» және «Кейінгі оқыған кітабыңыз қандай?» деген екі сұрақты қоямыз. Бұл сұрақтар жаңадан келген адамға өзі туралы толық ақпарат айтуға, өзін таныстыруға, басқалармен тез тіл табысуына көмектеседі. Одан кейін біз басқа клубтар сияқты бәріміз бір кітапты таңдап, соны оқып, келесі басқосуда талдамаймыз. Біз басқа әдіс қолдандық. Себебі бір ғана кітап таңдасақ, ол біреуге ұнауы, бірге ұнамауы мүмкін. Ұнатпағандар оны оқи алмайды. Ал бізде демократия бар: бәрі бірдей қашықтан сөйлеуі керек, ешкім ешкімнен жоғары не төмен емес. Біз үшін әр сенбі жиылғанда әр адамның ойын, пікірін айта алғаны маңызды. Сол себепті біз бір тақырыпты таңдайтын болдық. Мәселен, бір аптада тарихи әдебиеттер дейміз. Келесі жолы жиылғанда психология жанры дейміз. Клубтың әр мүшесі сол тақырыпта өзі тапқан, ұнатқан кітапты оқып келеді. Кейін оны бізге айтып береді. Мысалы, біреудің оқып келген кітабының сюжеті келесі бір адамды қызықтыруы мүмкін. Сөйтіп бұл әдіс адамның келесі бір кітапты оқуына септігін тигізеді”, — дейді Талғат.

“Кітап құрттары” клубына кез келген адам мүше бола алады. Дегенмен олардың өзінің кішігірім ережесі бар.

кітап құрттары
Фото клубтың жеке архивінен

“Клубымыз адамды жасына, жынысына қарап алаламайды. Бәріне теңдей қараймыз, теңдей ой бөлісеміз. Десе де әлеуметтік желідегі чатымызға 18 жастан асқандарды ғана қосамыз. Себебі онда олардың жасына сай емес мәселелер талқылануы мүмкін. Ал кәмелет жасына толмаған балалар ұшқалақ келеді, ойы, көзқарасы әлі толық қалыптасып үлгермеген. Олардың ойына басқалардың ықпал етіп кеткенін қаламаймыз. Сол себепті оларды ортақ чатымызға қоспадық, десе де сенбіде өтетін жиынға келе алады. Бұл клубтың жалпы пайдасы өте көп. Мұндағы адамдар дамиды, қызығушылығы ортақ достар табады, тіпті өзінің өмірлік жарын да тауып жатады. Мәселен, осы клубта танысып, отбасы құрған төрт жұбымыз бар. Мақтанғаным емес, дегенмен Қызылорда бойынша ең мықты нетуоркиң біздің клубымызда қалыптасқан”, — дейді клуб құрылтайшысы.

Бүгінге дейін “Кітап құрттары” клубы түрлі тақырыптағы кітапты оқыған. Оның ішінде қазақ, орыс, француз әдебиеті және тағы басқасы бар. Талғаттың айтуынша, олар қазақ әдебиетіне ерекше мән береді.

«Бізде қазақ әдебиетіне арнайы көңіл бөлінеді. Мәселен, 8 наурызда клубымыздағы қыздарға қазақ әдебиеті классиктерінің кітабын сыйлаймыз. Қыздарды бірінші рет мерекесімен құттықтағанда Ақселеу Сейдімбектің «Аққыз» повесін тарту еттік. Одан кейін Абайдың қара сөздері жинағын, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері жинағын сыйладық. Осылай, қазақ әдебиетін насихаттауға тырысамыз. Бірақ бір жағынан қазақ әдебиетінің басым бөлігі кезінде Кеңес үкіметінің ықпалымен жазылғаны да бар. Байларды жаман етіп көрсету, хандарды асыра сілтеп мақтап, батыр мен билердің екінші орында қалуы сияқты бұрмаланған ақпараттар бар сияқты. Оған қоса қазақ әдебиетіндегі көп шығарманың соңында я автор, я кейіпкер, я оқып жатқан сорлап кетеді. Сондықтан ол парагдимадан алыстадық», — дейді ол.

Десе де олар қазір ақын-жазушылардың шығармашылығын барынша қолдауға тырысатынын айтады. Мәселен, клуб мүшелері поэзиялық кештер өткізген.

«9 ақпанда Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай, поэзия кешін өткіздік. Әр адам мұзбалақ ақынның шығармашылығындағы өзі ұнататын өлеңді оқыды. Оған қоса Мағжан Ералиев деген меценат кісінің демеушілігімен Сыр елінің жеті ауданындағы және Қызылорда қаласындағы ақындардың өлеңін жинап, «Сыр сандық» деген жинақ шығардық. Оған қоса жергілікті ақын-жазушыларымыздың жаңа кітабы жарық көрсе, оның тұсаукесеріне барып, қолдап, кітабын алып кетеміз. Осылай, ақын-жазушыларымыздың шығармашылығын дәріптеуге тырысамыз», — дейді ол.

“Кітап құрттары” клубының мүшелері өте белсенді. Олар тек кітап оқып қоймай, ай сайын буккросиң ұйымдастырып, өздері оқыған кітаптарды басқаларға сыйлайды екен. Сонымен қатар Youtube арнасында подкаст жүргізген, пікірталас ұйымдастырған.

кітап құрттары
Фото клубтың жеке архивінен

«Ай сайын әркім өзі оқыған кітабын әкеледі. Оның бәрін жинап басқа біреуге сыйлаймыз. Мәселен, осыған дейін мешіттің кітапханасына, оңалту орталықтарына, бас бостандығынан айырылған азаматтарға сыйладық. Клуб мүшелері апта сайын кітап талқылағаннан зерігіп кетпесі үшін фильм талқыны да қостық. Сөйтіп кей аптада бір тақырыпта фильм көріп, талқылаймыз. Кітаптарды ағылшын тілінде оқып, фильмдерді ағылшынша көріп, жаңа тіл үйреніп жүрміз», — дейді ол.

Талғат Меңдібайдың айтуынша, «Кітап құрттары» сияқты кітап клубтарының қоғамда маңызы көп. Ол адам этиканы отбасындағы тәрбиеден үйренсе, эстетиканы, эстетикалық талғамның базасын кітаптан меңгереді дейді.

«Меніңше, кітап оқыған адам ақылды, кітап оқымаған адам ақымақ деген сөз емес. Дегенмен кітап оқитын адамның сөздік қоры, ақпаратты қабылдау деңгейі жақсаратыны сөзсіз. Кітап клубына әр адам әртүрлі мақсатпен келеді. Бірі кітап оқуға, бірі орта табуға, енді бірі өз ойын ашық айтып үйренуге келеді. Қазіргі 21 ғасырдың басты проблемасы – жалғыздық пен қараңғылық. Адам білімді болғаны үшін жалғыз болуы мүмкін. Қараңғы болғаны үшін көп нәрсені түсінбеуі мүмкін. Көбі осы екі мәселесін шешіп жатады. Бұл клубқа ешқандай қаражат салмадық, мемлекеттен көмек сұрамадық, ешқандай жоба жасамадық. Мемлекеттен көмек сұрауды да ойламадық. Мемлекеттің осындай клубтарға арналған жобалары жақсы, дегенмен ол төбеден бұйрық болып түскен соң нақты миссиясынан айырылып қалып жатады. Сол себепті әзірге идеямызды түсінетін, қолдайтын демеушілерімізге ризамыз. Клубымыз адамдардың күшімен ғана қозғалып, дамып келеді. «Кітап құрттары» клубының жастардың әлеуметтенуіне ықпалы зор деп санаймын», — дейді Талғат Меңдібай.

***

Тағы оқыңыз:

Балаларға арнап тұлғалар туралы кітап шығаратын кімдер? — Шығарушы редактормен сұхбат