«Өзіңіз туралы айтып беріңізші»
Жұмыс беруші осы сөзді айтқан кезде, көбі ойланбастан өзін не толғандырып жүргенін айтып кетеді. Дұрыс емес. Бұл жұмыс берушіні қызықтырмайды. Оған біліміңіз, жұмыстағы тәжірибеңіз туралы айтыңыз. Қызығушылықтарыңыз туралы да азды-көпті ақпарат берсеңіз болады.
Егер сұрақ түсініксіз болса, өзіңіздің сан қырлы екеніңізді айтып әзілдеп, нақты не туралы айту керек екенін сұраңыз.
«Қандай кемшіліктеріңіз бар?»
Бұл сауалға әзілмен де жауап беруге болады. Алайда, бір әңгімелесуге бір әзіл жетеді. Сондықтан, «Мен кемшіліксіз емеспін, бірақ олар жұмысыма кедергі келтірген емес» дегеніңіз жөн. Ал, шынайы кемшілктеріңіз туралы тіс жармаңыз.
«Қандай жетістіктеріңіз бар?»
Сіздің өзіңізді қалай бағалайтыныңызды білу үшін қойылатын сауал. Егер басшылық қызметке тұруға келсеңіз, міндетті түрде алдыңыздан шығады. Мысалы, оған былай деп жауап беруге болады: «Сатылымды көбейттім», «Осындай жобаны ұйымдастырдық, нәтижесі керемет болды», «Бір байқауға қатысып, жүлде ұтып алдық», «Басшылық тарапынан алғыс хат берді», тағы да басқа. Бастысы — асыра мақтанып кетуге болмайды.
Әрине, бұндай жетістіктер бәрінде бола бермейді. Егер артық айтып қоюдан қорықсаңыз, жаңа компьютерлік бағдарламаны, мәселен Excel-ді меңгергеніңізді немесе тіл үйренгеніңізді айтыңыз. Бұл да кішігірім жетістік.
«Бұрынғы жұмысыңыздан неге шығып кеттіңіз?»
Жұмыс беруші сіздің бұрынғы жұмыста не нәрсеге көңіліңіз толмағанынын, жаңа жұмыс орнынан не күтетініңізді білгісі келеді. Шыныңызды айтыңыз. Бірақ, экс-әріптестеріңіз бен экс-бастығыңызды өсектемеңіз. Мансабыңыз өспегенін айтудан бұрын, жаңа жұмыста оның бар не жоқ екенін біліп алыңыз. Жалақысы аз болғанын ең соңында айтқан дұрыс.
«Қандай жалақы алғыңыз келеді?»
Жұмыс беруші бұл сұрақпен сізді жұмысқа алған күнде қанша уақытқа дейін жалақымен қамтамасыз ете алатынын анықтап алмақ. Бұған бұрынғы алып жүрген жалақыңыздан 10-15 процентке жоғары соманы атаңыз. Ең көп дегенде 30 процент артық айтуға болады. Қанағатшыл болыңыз.
«Бес жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз?»
Мысалы, сіз маркетолог қызметіне жұмысқа тұруға келіп отырсыз делік. Алайда, бес жылдан кейін өзіңізді бір компанияның басшысы ретінде елестетесіз. Бұны айтудың қажеті жоқ.
Жұмыс берушіге осы салада қалатыныңызды, өзіңізді ары қарай да жетілдіріп, ең сұранысқа ие маман болатыныңызды, мансабыңыздың өсетінін айтуға болады.
«Біздің компания туралы не білесіз?»
Бұл сұраққа алдын ала дайындалып барған дұрыс. Жоқ дегенде компанияның сайтымен танысып шығыңыз.
«Неге бізде жұмыс істегіңіз келеді?»
Бұл сауал, әдетте, «Біздің компания туралы не білесіз?»-ден кейін қойылады. Ақша туралы айтпаңыз. Дұрысы — компанияның жетістіктерін айту. «Компанияларыңыз бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді, демек тұрақтылық бар. Маған сонысы ұнайды», «Компания өз саласындағы үздіктердің бірі, тәжірибе алмасу үшін үздіктермен жұмыс істегім келеді», «Ұсынып отырған қызмет түрі ұнайды», жоқ дегенде «Офистарының орналасқан жері ұнайды» деуге болады.
«Бізде қашанға дейін жұмыс істегіңіз келеді?»
Демек, жұмысшы сіздің жұмысқа тұрудағы мақсатыңыз бен олардың қаншалықты шын екенін білуді мақсат етіп отыр. «Бұл сұраққа жауап беруім үшін сіздермен біраз жұмыс істеп көруім керек. Ұжымдық атмосфераны сезініп, жұмыстың қалай жүргізілетінін білгеннен кейін, бәрі ұнаса, ұзақ уақыт бойы екіжақты тиімді жұмыс істейміз деп ойлаймын». Сіздің жауабыңыз осыған ұқсас болса, жұмыс берушінің көңілінен шығады.
«Жұмыс уақытына қарамастан, артық жұмыс істеуге қалай қарайсыз?»
Демек, жұмыста қосымша тапсырмалар да болып қалуы мүмкін. Қарсы сұрақ қойыңыз: «Қосымша тапсырмалар болуы мүмкін бе?», «Қандай тапсырмалар болуы мүмкін?». Егер бәрі ойыңыздан шықса, дайын екеніңізді айтыңыз.