Динара Мәзен — әдеби аудармашы. Ол Жоан Роулиңнің «Хәрри Поттер» сериясын, Ник Филдиңнің «Ұлы дала саяхатшылары», Мәтт Хейгтің «Түн ортасындағы кітапханасын» және тағы басқа әлемге танымал шығармаларды аударған. Baribar.kz тілшісі маманнан сұхбат алып, аударма ісі туралы, бұл сала елімізде қалай дамып жатқаны жайлы әңгімелесті.
— Аудармамен қашаннан бері айналысасыз, алғаш қай шығарманы аудардыңыз?
— Қазіргі қазақша салада жұмыс істейтін көптеген мамандық иесі өзін аудармашы сезінеді. Ақпаратпен жұмыс істейтін медиа өкілдерінен сұрасаңыз, екінің бірі аудармашымын дейді. Оның себебі де жоқ емес, қазақ тілінде ақпарат тапшы болғанда басқа тілден аударып алуға мәжбүр. Мысалы, журналистер күнделікті керек деректерді орыс/ағылшын тілінен аударып береді. Оқытушылар да солай, дәріске, сабаққа қажет түрлі материалды аударады. Тіпті студенттердің өзі сабаққа дайындық кезінде ақпаратты өзге тілден іздеп, аударып оқиды. Мен де сондай студент болдым. Университет бітірген соң оқытушы, кейін журналист болып қызмет еткен маман ретінде аударма ісін сол 2000-жылдардан бастадым десем болар. Сол кездегі аударған материалдарым кәсіби аудармаға жатпаса да, іштей мәтін аударуға бейімім бар екенін және осы жұмыс өзіме ұнайтынын түсіне бастадым.
Қазақ радиосында жұмыс істеп жүрген жылдары қосымша аудармашылық жұмыс іздедім. Бұл 2006-2007 жылдар еді, түрлі аударма компаниясына түйіндеме жібердім, телеарналарды аралап көрдім. Тестілеуден жақсы өтіп, бірден бірнеше компанияға штаттан тыс аудармашы болып орналасып алдым. Бірақ көбі қысқа, техникалық аудармалар да болатын. Кейін 1-арна Еуразияға фильм аудармашысы болып қабылдандым. Содан бастап көркем аудармаға қызығушылығым арта түсті.
Алғаш толық аударған кітабым – Шоқан Уәлихановтың алты томдық еңбегінің 1-томы. Оны орыс тілінен аудардым. Ол кезде әлі онлайн сөздік деген жоқ, аудармасын білмейтін сөздерді сөздік кітаптардан қарайтынбыз. Кітапты екі айдай аудардым, журналистік жұмысыма қарағанда үйде отырып тыныш аударма жасаған ұнап қалды. Интровертпін, көп сөйлегенді жақтырмаймын, сондықтан осындай жұмыс болмысыма сай көрінді.
Ағылшын тілінен аударған алғашқы еңбектерім – «Аруна» баспасының балаларға арналған кітаптары. 2011 жылдан бастап баспамен тығыз жұмыс істеп, көп кітап аудардық. Қазақ тілінде алғашқы энциклопедиялар, түрлі жастағы балаларға арналған ерекше безендірілген иллюстрациясы бар кітаптар шыға бастады. Сол кездегі нарық деңгейінде алғанда қазақша сөйлейтін балалар шығармасы мұхиттың қасындағы тамшыдай ғана болса да, осындай жұмыстар істеліп жатты. Ол кітаптар әлі күнге дейін кітап дүкендерінде тұр.
— Демек, негізгі мамандығыңыз журналист қой?
— 2005 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бітіргенде «қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі оқытушысы» деген мамандық алдық. Бұл мамандық кезінде тәжірибе жасап көру үшін ашылса керек, кейін жабылып қалды.
Кейін әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде «аударма ісі» бойынша магистратура оқып, кәсіби аудармашы дипломын алдым.
Дипломы бар аудармашы болу бір бөлек, шын кәсіби аудармашыға айналу мүлдем басқа. Жоғарыда айтқан жұмыс талабы бойынша, аударма жасауға мәжбүр көпшілік осы жерде қателеседі. Басқа тілдегі ақпаратты өзің түсінетін етіп аудару бар, ал оқыған адам түсінетіндей етіп аудару үшін машық керек. Адамдармен кездесіп, танысқанда әдетте ең жиі еститін сөзім «Фрилансер аудармашымын дейсің бе? Мен де жұмыста ылғи аударма жасаймын. Маған да аударма берші, сен сияқты үйде отырып аудара берейін» дейді. Бізде көп адам өзінің күнделікті жұмыстағы аудармасын кәсіби аудармамен шатастырады. Содан аударма жасай бастағанда ешкім түсінбейтін шалағай тіркестер, калька мен жүйесіз мәтіндер пайда болады. Сондықтан да «аудармаға екінің бірінің қолынан келетін оңай жұмыс, жеңіл ақша табу көзі деп қарамайықшы» дегім келеді.
— Аударма ісін бірден көркем әдебиеттен бастамадым деп отырсыз. Бүгінге дейін біршама туындыны аударғаныңызды да айттыңыз. Ал өзіңіз әдеби аудармаға машықты қалай қалыптастырдыңыз?
Әдеби аудармаға бет бұрмас бұрын техникалық аударма жасадым. Техникалық аудармамен айналысатын компанияда штаттағы аудармашы болдым. Ол жердегі әріптестеріміз қысқа-нұсқа техникалық мәтіндерді жақсы көретін, сипаттауы бар көркемге жақын (жарнама, маркетиң тәрізді) материалдар келгенде жақтырмайтын. Мен керісінше, сондай аудармаларды жақсы көріп аударатынмын.
«Аруна» баспасы кітап аудармашысы етіп алғанда қатты қуандым. Ол жердегі редакторлардың жылы сөзі, қолдауы дем берді. Кітап аударумен қатар фильм аудара бастадым. Сол телеарнадағы редакторлардың сын-пікірі өте пайдалы болды, ол кісілерге ерекше алғыс айтамын.
Сол жылдары марқұм Рахат Мамырбек ағамыз Azattyq радиосына аудармашы болуға шақырды. Ол мен үшін үлкен мектеп болды. Ғалым Боқаш сияқты тілді жетік меңгерген өте сауатты мамандар аударманың қыр-сырын түсіну, қазақ тілінде жазылғандай болуына баса мән беру, ойды нақты жеткізу жағын үйретті.
Осылай, Ұлттық аударма бюросына 100 кітап аударуға қатысқанда біршама дайын аудармашы болып келдім. Бюрода көркем шығарма емес, ғылыми еңбектер, оқулықтар аудардық. Мыңдаған термин жасауға қатыстық. Қиындығы көп болса да сәтті әрі пайдалы жоба болды. 100 оқулықпен тоқтап қалғаны өкінішті, әлі аударылмай жатқан салалық оқулықтар, ғылыми еңбектер өте көп.
— Жалпы кітап аудару процесі қалай жүреді? Кезең-кезеңімен айтып беріңізші. Аударылатын кітап қалай таңдалады? Аударма сатылымға шыққанша, процеске кімдер араласады?
— Аударатын кітапты әдетте баспагер таңдайды. Баспагер нарықтағы сұранысқа ие, оқырман көңілінен шыққан, бестселлер болған, шетелде сыншылар мен оқырмандар тарапынан жоғары бағаланған кітаптарды қарап, зерттеп жүреді. Өзіне ұнаған кітаптың авторлық құқығын алады. Көбіне кітап таңдау әр баспаның ішкі саясатына, бағытына байланысты. Кей баспалар классикалық шығармаларды жиі аудартады. Мен тұрақты жұмыс істеп жүрген Steppe&World Publishing қазақ оқырманы біле бермейтін, бірақ әлемдік деңгейде жақсы танылған шығармаларды аударып, біздің оқырманға таныстыруды мақсат етеді. Біз де аудармашы ретінде өзімізге ұнаған кітаптарды ұсынамыз.
Өз тәжірибем бойынша айтсам, баспагер маған өзі таңдаған кітап туралы, оның маңызы жайлы айтып, ұсыныс жасайды. Кітапты оқып шығып, шағын зерттеу жасаймыз, қоғамға, оқырманға пайдасы тиетін дүниелерді аударсақ дейміз. Кітап бекітілген соң аудара бастаймыз. Кітапты аударып шығуға уақыт белгіленеді, көлемі шағын болса бір айда, көлемді болса екі-үш айда аударамыз, кейде жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Әдетте ол кітап қаншалық күрделі екені мен көлеміне байланысты. Термині көп ғылыми еңбектерді аудару ұзаққа созылады. Әйтсе де кейде көркем шығарманы аудару да оңайға соқпайды. Мәтт Хейгтің «Түн ортасындағы кітапхана» көлемді кітап емес, бірақ оны үш айға жуық аудардым. Автордың ойын, түп мақсатын түсіну үшін кейіпкердің басынан өткен сезімдерді бірге сезу қажет болды. Тілі де күрделі деуге келмейді, сөйте тұра көп ойланып аударуды қажет еткен шығарма болды.
Сол кітаппен қатар Руал Даһлдың фентези шығармаларын аударғанда қиналмадым. Даһл — өте ерекше автор. Шығармалары балаларға арналған ертегі сияқты. Әзілі көп, әр туындысында өзі ойлап тапқан күлдіргі сөздер кездеседі. Бірақ оның кітабын оқи отырып «Бұл расымен де балаға арналған кітап па?» деп ойланып қалатын кез болады. Біз ізгі кейіпкерлер тек жақсы әрекет жасайтын біржақты хикаяларға үйреніп қалғанбыз. Даһл сол стереотипті бұзады. Балаларға ұнайтыны да содан шығар. Былтырдан бері осы автордың бірнеше шығармасын аударып, бауыр басып қалғандаймын. Тілі, стилі үйреншікті, кібіртіктемей аудара бересің.
Аударма дайын болған соң редакторға өтеді. Редактор аударманы өңдеп, түзеп, солғын тұстарын күшейтіп, жандандырады. Аудармашы қате түсініп, шала аударған тұстары болса, оны түзейді. Жалпы, аудармашы мен редактордың аудармадағы рөлі жайлы көп нәрсе айтуға болады. «Редактор еңбегі жете бағаланбайды» деген пікірлерді де естіп жатамыз. Аудармашы сауатты, сапалы аударма жасаса, редактордың негізгі міндеті жеңіл-желпі түзеп, өңдеп шығумен шектелер еді. Кейде аударма тым нашар болып, редактор үстінен қайта аударып, аудармашыға парапар жұмыс істейтін кездер де болады. Мұндайда редактор есімі аудармашымен қатар жазылса да артық етпес еді. Осындай оқиғаларды естігенде «Неліктен бұл кітап немесе материал сауатсыз аудармашыға берілді?» деген сұрақ туады. Өкінішке қарай, сауатты, білікті аудармашылар аз екеніне көз жетті. Кез келген баспагер, аударма компаниясы өкілімен сөйлессеңіз, осы мәселені айтады. Бізде тіл білетін адам көп, орысша, кейінгі кездері ағылшынша өте жетік меңгерген филологтар бар. Тек аудармашы болу үшін тілді жақсы білумен қатар сезіну, түйсіну қажет.
Редактордан кейін кітапты корректор қарап шығады, орфографиялық қателерді түзейді. Содан кейін бас редактор мен баспагер тағы бір оқып, беттеушіге береді. Кейде кітапты (мысалы, күрделі ғылыми еңбекті — ред.) бірнеше адам қатар аударуы мүмкін, ол кезде жауапты редактор тағайындалады. Ол кітап стилінің бірізді болуын, терминдердің дәлдігін қадағалайды. Ғылыми оқулықтар аударғанда екі редактор (ғылыми және әдеби) қатар жұмыс істейді. Біреуі терминдерге, мағына дәлдігіне, екіншісі тілінің жатық, түсінікті болуына күш салады. Осылай, аударма дайын болғанша бірнеше адамның қолынан өтеді.
— Ал өзіңіз өзге қандай әлемдік шығармаларды қазақ тіліне аудару керек дейсіз?
— Қазір бізде қарқынды жұмыс істеп жатқан баспалар — «Steppe&World Publishing», «Мазмұндама», «Фолиант» әлемде үздік деп танылған көркем шығармаларды аударып жатыр. Өз байқауымша, «Фолиант» классикалық туындыларға басымдық берсе, «Steppe&World» заманауи бестселлер шығармаларды таңдайды, ал «Мазмұндама» екеуін де қамтуға тырысып жүргендей. Кейінгі жылдары қуанатын жайт – баспалар саны көбейіп келеді, мысалы, әйелдер тағдыры мен қоғамдағы әйелдер рөлін көтеруді мақсат ететін «Алқа» баспасы да қатарға қосылды.
Мен танитын мықты баспагерлер мен әдеби сарапшылар «әлемдік әдебиет кеңістігінде қандай мықты шығарма жарқ ете қалса, соны дереу қазақ тіліне аудару керек» дейді. Осы пікірге қосыламын. Ұзақ уақыт әлемдік атаулы еңбектерді орыс тілінде немесе орыс тілінен жасалған аудармасы арқылы оқып келдік. Мысалы, «Хәрри Поттер» сериясының кейінгі кітаптарын оқырман асыға күтті, ол жарық көрген бетте орыс тіліне дереу аударылды. Ал қазақша сөйлейтін оқырман оның қазақша аудармасын жиырма жылдан кейін ғана оқи алды.
Құдайға шүкір, қазір шығарманы дереу аударуға да ақырындап қолымыз жете бастады. Осы бағытта жұмыс істеп жүрген баспагерлерге зор алғыс айтамыз. Мысалы, Тоғжан Қасенованың «Атом улаған дала» еңбегін орысшасы жарық көрмей тұрып, қазақша аудардық. Ник Филдиңнің «Ұлы дала саяхатшылары» еңбегі де солай аударылды. Бұл — мен аударған кітаптардан ғана алынған мысал.
Бұған қоса ғылыми еңбектерді аудару керек, ол — өте көлемді әрі қиын жұмыс. Бізде термин жасау саласы әлі дау-дамайы көп, жүйеленбеген сала. «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, 100 оқулықты аударған жылдары көп жұмыс істелді. Сол істі тоқтатпай, дамыту керек еді. Ғылыми еңбектер аударғанда аудармашылар чатында термин талқылау бір толастамайды. Сонда байқайтыным, төрт-бес жыл бұрын кітап аударғанда талдаған терминдер әлі талқыланып жатады. Әлі күнге дейін ғылыми терминдерді әр аудармашы мен редактор өз қалауына қарай алып жатыр. Оны біріздендіру керек деп ойлаймын, әйтпесе қазақша ғылыми еңбек «түсініксіз, орысшасын/ағылшыншасын оқи салайық» деңгейінде қала береді.
— Ағылшын/әлем әдебиетін аударатындарға төленетін еңбекақы қалай есептеледі? Көңіліңізден шыға ма?
— Өзім ағылшын және орыс тілдерінен қазақ тіліне аударамын. Кейінгі жылдары тек ағылшын тілінен аударып жүрмін, осы бағытта сұраныс көбірек. Ал еңбекақыға келер болсақ, арнайы бекітілген төлем бағасы жоқ. Әр аудармашыға жеке, келісімге қарай төленеді. Баспагер немесе тапсырыс беруші аудармашының жеке тәжірибесіне, білігі мен сауатына қарай баға қояды. Кейбір баспада бекітілген орташа баға бар, көбіне бетіне 2000-3000 теңге шамасында болса керек. Сапалы аударма жасайтынына нық сенімді, редактор қиналмайды дейтін аудармашылар әдетте 4000-5000 теңгеден бастап сұрайды. Менің ойымша, көркем аудармаға бетіне 10 мың теңге төлесе де артық етпес еді. Себебі бұл — жүйке тоздыратын, көп ойланып-толғануды қажет ететін, миға салмақ салатын өте ауыр еңбек. Бірақ біздің елімізде кітап сату жұмысы қарқынды дей алмаймыз, кітап өткізу оңай емес. Баспагер айына миллион тираж кітап сатып отырса, біздің еңбекақымыз да жоғары болар еді. Ал қазіргі жағдайда барға қанағат деп жанымыз қалаған жұмыс болғандықтан, істей береміз.
— Қазір қандай шығармаларды аударып жатсыз?
— Қазір Steppe&World Publishing баспасының кітаптарын аударып жүрмін. Бұл баспамен 2019 жылы «Хәрри Поттер» сериясын аударуды бастағаннан бері тұрақты жұмыс істеп келемін. Осы баспада ірілі-ұсақты 30-дан астам кітап аударыппын. Оның ішінде «Хәрри Поттер» сериясы, «Нарния шежіресі» сериясы, Руал Даһлдың кітаптары, Жейсон Рейнолдстың кітаптары, Коби Ямаданың еңбектері сияқты әлемге танымал шығармаларды тәржімаладық. Жақында ғана жоғары айтқан Мәтт Хейгтің «Түн ортасындағы кітапхана» деген керемет кітабын аударып біттік. Бұл — дәл қазіргі біздің қоғам, осы замандағы адамдардың ішкі арпалысы, күйзелісі сипатталған еңбек. Көп адамға психологиялық тұрғыда көмектесетін туынды деп ойлаймын.
Қазір отбасындағы зорлық-зомбылық, оның тамыры, пайда болуы, оның алдын алу үшін істелетін жұмыстар баяндалған кітапты аударып жатырмын. Баспамен келісім бойынша жарық көрмеген кітап авторы мен атауын айта алмаймын. Бірақ кіріспесінен-ақ өзіме сұмдық әсер етті, өте ауыр кітап. Аудармашы ретінде өзім қиналып кеттім, авторға да мұндай еңбекті жазу оңай тимеген шығар. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қылмыстан гөрі тұрмыстағы кикілжің деп санауды дағдыға айналдырған қоғамда өмір сүреміз. Өте өзекті, аса қажет еңбек.
— Өзіңіз қазіргі аударма кітаптарды, осы саланың қарқынын қалай бағалайсыз?
Қазір аударма саласында үлкен серпіліс бар, көңілім толады. Көркем әдебиет, балалар әдебиетіне қатысты айтсақ, 2010-жылдарда «Аруна» сияқты бірен-саран баспалар балалар әдебиетін аударумен айналысты. Қазір бірнеше баспа жарыса жұмыс істеп жатыр. Кітапфест сияқты кітап көрмесі өтетін іс-шараларға барсаңыз, түрлі баспаны көресіз. Өзім жылда жаңа баспа ашылғанын көріп, қуанып қаламын. Әр баспаның өз бағыты, мақсаты бар, соған сай келетін кітаптарды таңдап, аудартып жатыр. Одан бөлек тек кітап жазумен айналысатын баспалар да жеткілікті. Жалпы қарқыны өте жақсы, осы қарқын әлсіремей, күшейе беруі үшін қазақша сөйлейтін, оқитын оқырман да көбейсе деп тілейміз.
Мысалы, мен кітапты ағылшынша да, орысша да оқи аламын. Өзіме ұнаған кітап үш тілде тұрса, қазақшасын аламын. Осылай, қазақ тілінің дамуына, қазақша контенттің көбеюіне үлес қосқым келеді. Балаларыма да соны түсіндіремін. Біз сатып алған әр қазақша кітап келесі қазақша кітаптың жарық көруіне үлес қосатынын әрқайсымыз түсінсек керемет болар еді.
— Қазір елде аудармашы көп пе? Жалпы мұндай мамандарға сұраныс бар ма?
Аудармашы көп, тіпті өте көп сияқты. Оның себебі, бізде екі, үш тіл білетін адамдардың бәрі өзін аудармашы санап алған. Әлгінде айтқанымдай, жұмыс талабына қарай аударма жасауға мәжбүр маман көп. Олардың аударма сапасына көп сын айтылмайды, сондықтан өзін кәсіби аудармашы санап жүреді. Мен жұмыс істеп жүрген баспалардың бәрі әркез жақсы, сапалы аударма жасайтын аудармашы іздейді. Демек, сұраныс бар. Былай қарасаңыз, аудармашы көп, жұмыс та бар, бірақ баспагерлер/редакторлар риза емес. Неге? Сапалы аударма жасайтын аудармашылар аз. Ағылшын, орыс, қазақ тілін керемет меңгерген, ал қолына келген мәтінді сол қалпы аударып бере салады.
Аударма жасағанда өзіме жақсы көмектесетін бір әдіс бар. Сөйлемді немесе тіркесті аударғанда қазақы, жатық көрінбесе «Менің ауылымдағы адамдар осылай айтушы ма еді? Шет тілін білмейтін, тек қазақша сөйлейтін адам осылай сөйлер ме еді?» деп тексеріп аламын.
Шалағай аудармаға бір мысал келтірейін. Ағылшын тілінде «support» деген сөзді қазақшаға «қолдау» деп аударамыз. Техникалық аударма жасайтындар осы сөзге жабысып қалды, кез келген мәтінге «қолдау» деп жаза береді. Мысалы: priority support десе «басымдықты қолдау» дейді. Осы тіркес түсінікті ме, қай қазақ күнделікті сөйлегенде солай айтады? «Басымдықты қолдап отырмын/жүрмін» деп айтпайсыз ғой.
«General queries support – Жалпы сұрауларды қолдау» деп аударылған. Сұрауларды қалай қолдайсыз? «Visa support – Визалық қолдау» дейді.
Бұл жердегі басқа сөздердің аудармасы да орынсыз: визалық, басымдық, жалпы сұраулар… Бұл тіркесті оқыған адам ештеңе түсінбейді, амалсыз басқа тілдегі аудармасын қарайды. Оны түсінікті етіп аудару үшін контексті түсініп, қажет болса тапсырыс берушіге хабарласып, аудармашы алдымен өзі түсініп алуы керек. Оған уақыт кетеді, кейде тіпті тапсырыс беруші тілге немқұрайлы, әшейін қазақ тілі көзбояушылық ретінде тұра берсін десе, осылай бекітілген сөзге сай аударма жасауды талап етеді. Осылай ешкім ұқпайтын, ешкім қолданбайтын өтірік аудармалар қаптап кеткен. Сондықтан аудармашы болам дейтін адам тілді жетік білуімен қатар, тілге жаны ашитын адам болса деймін.
— Өзіңіз аударған туындалырдың ішінде оқырманға ұсынар Топ-5 тізіміңіз бар ма?
— Құдайға шүкір, аудармашы ретінде жолым болған адаммын. Өзім армандап та көрмеген жақсы кітаптар, шығармалар аудару бақыты бұйырды. «Аруна» баспасымен жұмыс істеп, балаларға арналған көптеген кітапты қазақша сөйлеттік. Одан кейін «Ұлттық аударма бюросында» студенттерге, оқытушылар мен зерттеушілерге өте пайдалы ғылыми еңбектер аударуға қатыстым, оншақты кітаптың аудармашысы болдым. Бұл жерде бизнес, саясаттану, маркетиң, заң, әлеуметтану ғылымдары бойынша кітаптар аудардым.
Аудармадағы мақтан тұтатын еңбектерімнің көбі «Steppe&World» баспасымен байланысты. «Хәрри Поттер» сериялары, «Нарния шежіресі» сериялары, Тоғжан Қасенованың «Атом улаған дала» деген қазақтың қасіреті болған Семей полигонын зерттеу кітабы, Руал Даһл кітаптарын аударғанымды мақтан тұтамын. Баспа жетекшісі Раиса Сайранқызы талғамы жоғары адам, шетелде мойындалған мықты еңбектерді аударуға тырысады, жыл сайын өтетін дүниежүзілік кітап жәрмеңкесіне қатысып, үздік шығармалардың авторлық құқығын алып жүр.
«Мазмұндама» баспасымен де жұмыс істеп, Тони Шейдің «Қуаныш сыйлауы» мен Аджемоглу Робинсонның «Тар дәліз» кітаптарын аудардым, бұлар да оқырманға пайдалы еңбектер деп санаймын.
2022 жылы қиналысқа толы кездер болды. Сол кезде «Астана кітап» баспасының «Жасыл шатырдағы Ән» кітабын аударған едім, сол кітап маған қатты әсер етті, рухани көмектесті.
Сондықтан «мен үшін мына бес кітап үздік» деп айту қиын. Әр кітапты жақсы көріп аударасың, өмірге перзент әкелгендей толғатып жүресің. Оқырман оқып, мына кітаптар жақсы екен деп баға берсе қуанатын едік. Мен «Топ-5 кітап» дегенде аудармасы емес, өзім үшін маңызы жоғары болған кітаптарды іріктеп айтайын:
- «Атом улаған дала», Тоғжан Қасенова;
- «Хәрри Поттер сериясы», Ж.К. Роулиң;
- «Ұлы дала саяхатшылары», Ник Филдиң;
- «Түн ортасындағы кітапхана», Мәтт Хейг;
- «Қуаныш сыйлау», Тони Шей.
Бұлардан бөлек әлі жарық көрмеген керемет кітаптар бар, олар жайлы кейін айта жатармыз.