Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін мерекемен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары қоғам санасын жаңғыртып, ұлт тұтастығын нығайту жолында айрықша рөл атқарады. Баспасөз саласын дамыту, сонымен қатар журналистердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі. Қазақ журналистикасының тағылымды тарихы, аға буын қалыптастырған ерекше қолтаңбасы бар. Біз оның бай шежіресі мен ағартушылық дәстүрін барынша сақтауымыз қажет, — деді президент.
Президент бүгінгі ақпарат саласының өкілдері осы сабақтастықты лайықты жалғастырып, өзіне жүктелген жауапты миссияны абыроймен атқарып келетінін атап өтті.
Сіздер қай кезде де халыққа шынайы әрі жедел хабар таратып, кәсіби біліктіліктің озық үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Болашақта да елдік мәселелерді көтеріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға белсене атсалыса бересіздер деп сенемін, — деді мемлекет басшысы.