Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы лицензиялар санын 80-ге жеткізді.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Париж олимпиадасы Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қатысқалы отырған сегізінші жазғы олимпиадасы. Әзірше Қазақстаннан 70 спортшыда 80 лицензия бар. Олимпиадаға жолдама жеңіп алған спортшылар арасында 45 спортшы бірінші рет жазғы олимпиада ойындарына қатысады.
Ең көп жолдаманы боксшыларымыз жеңіп алды. Олар 10 олимпиада жүлдесіне таласады.
Париж олимпиадасына баратындардың ішінде ең тәжірибелісі — 31 жастағы Владислав Яковлев (академиялық ескек есу). Спортшы 2012 жылғы Лондон олимпиадасынан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Олимпиаданың іріктеу кезеңдері әлі мәресіне жетпеді.
Еске салайық, 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Париж қаласында XXXIII жазғы олимпиада ойындары өтеді.
Ойынға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.