15 полицей қаза болды: Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентіне көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Дағыстандағы православие шіркеуі мен синагогаға лаңкестік әрекеттер жасалып, соның салдарынан дін және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қаза болуына байланысты Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтты.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Қазақстан президенті құқық қорғау жүйесі арқылы жедел-іздестіру шараларын жүргізуде көмек беруге дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы адамзатқа қарсы жасалған мұндай әрекетті үзілді-кесілді айыптайды, сонымен қатар БҰҰ, ШЫҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдар аясында лаңкестікпен күресу үшін көпжақты ынтымақтастықты дамытуды қолдайды.

Айта кетейік, кеше Дағыстандағы православие шіркеуі мен синагогаға лаңкестік әрекеттер жасалды. Кейінгі мәліметтер бойынша 15 полицей қаза болды. Қаза болғандардың арасында дін өкілдері де бар. Алты содырдың көзі жойылды.

24, 25 және 26 маусым күндері Дағыстанда аза тұту күні деп жарияланды.