Алматыда есірткіге қарсы іс-шаралар аясында 158 кг есірткі тәркіленіп, бес есірткі зертханасы жойылған.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифиңде Алматы ПД есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дәурен Көбеев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2024 жылғы 5 айда Алматы аумағында полиция есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 264 құқық бұзушылықты анықтаған.
Есірткі сатудың 116 фактісінің жолы кесілді.
158 килограмнан астам есірткі заты тәркіленіп, заңсыз айналымға жіберілмеді.
Бүгінгі таңда жаһандық проблеманың бірі — синтетикалық препараттар мен оларды өндіруге арналған зертханалар болып отыр. Алматы полициясы жүргізген жедел және арнайы іс-шаралардың нәтижесінде бес есірткі лабораториясы жойылды, — деді Дәурен Көбеев.
Брифиңде жыл басынан бері Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 41 есірткі қойып кетушіні ұстағаны айтылды.
Сонымен қатар есірткі тарататын және жарнамалайтын 337 интернет-ресурс анықталып, бұғатталған.