Hunan TV телеарнасы Димаш Құдайберген туралы деректі фильм көрсетіп жатыр

Түсірілім кезінде Астанаға арнайы келген қытайлық телеарнаның журналисі ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан сұхбат алды. Онда министр әншінің шеберлігін, ән орындау ерекшелігімен тыңдаушысын тамсандырған  дарын иесі екендігін тілге тиек етті. Ол Димаштың өнері арқылы Қазақстан мен Қытайдың мәдени байланыстарына үлкен серпін бере отырып, өнер саласындағы екі елдің  ынтымақтастығын  алға сүйрейтін ерекше құбылысқа айналғанны атап өтті.

«Ол музыканы ерекше қастерлейтін және сүйетін жан. Қолы қалт еткен кезде, ол фортепианоға отырып, бой сергітеді.  Музыка қасиетті дүние!  Ол — ұлттар арасындағы байланыстың алтын діңгегі тәрізді. Димаш секілді тарлан талант Қытай мен Қазақстанның мәдени байланысына керемет қозғау салды. Қытай тілі — ерекше тіл! Ал Қытайдың әнін біздің Димаш қытай тілінде орындаған кезде, біз ерекше шаттандық. Сонымен бірге қатты  қобалжығанымыз да рас», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы сұхбат бере отырып.

2017 жылы Қазақстан мен Қытайдың дипломатиялық қатынастарына 25 жыл толып отыр. Оның үстіне биыл Қытайдың Қазақстандағы туризим жылы.

Алдағы маусым айында Астанада халықаралық ЭКСПО көрмесі өтеді. Осы көрмеде әлемдік және қазақстандық музыка мәдениетінің қайталанбас туындылары қойылады деп күтілуде. Министрдің сөзіне қарағанда оның дайындығы соңғы мәресіне жетіп қалды. Димаштың музыкалық өнері Қытай азаматтарының Қазақстанға келуіне даңғыл жол ашады.

Айта кетерлігі, Hunan Television (Hunan TV) — аймақтық спутниктік телестанция. 1997 жылы ашылып, қазіргі таңда China Central Television қарасты CCTV-1 кейін екінші көп қаралатын спутниктік арнаға айналған.

ДереккөзInform.kz