Биыл ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен TikTok арнайы Қазақстан үшін қысқаметражды фильмдер байқауына мұрындық болған еді. Елдегі контент авторлары ерекше сюжеттерді қиыстырып, кино тұрғысындағы өздерінің нақты өмірге деген көзқарастарын білдіріп, шығармашылықтың тамаша тәсілдерімен бөлісті.

Сонымен қатар платформа Қазақстандағы контент авторларына #TikTokShortFilm халықаралық байқауына қатыса отырып, 55 елдің авторларымен құндысыйлықтар үшін бәсекеге түсуге мүмкіндік берді. @festivaldecannes Канн кинофестивальінің ресми серіктесі бола, платформа бұл бастаманы үш жыл қатарынан өткізіп келеді.

Осы орайда, біздің редакциямыз Қазақстандағы «Қазақ тіліндегі ең үздік фильм» номинациясы бойынша байқау жеңімпазы атанған — @karlygash_telearnasy аккаунтының авторы Ақбөбек Төлжановамен осы жұмысы туралы егжей-тегжейлі әңгімелесіп,  байқауға қатысу тәжірибесімен бөліскен болатын.

Ақбөбек, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз, немен айналысасыз?

— Мен фортепиано бойынша вокал және актерлік шеберлік жөніндегі музыкалық мектепті бітірдім. Содан кейін Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде (ҚазҰӨУ) «Теледидар мен кино продюсерлігі режиссурасы» мамандығы бойынша қызыл диплом алдым. Енді міне, «Хабар» телеарнасында эфирлік хабар тарату режиссері ретінде қызмет істеп келе жатқаныма жеті жыл болыпты.

Сіздің #TikTokShortFilm халықаралық байқауына қатысуға не түрткі болды?

— Бұл шығармашылығымды әлемге көрсету мүмкіндігі еді. Сонымен қатар менің  баяғыдан келе жатқан, әкем айтқандай, адам баласы дұрыс дүниелер жасап, ұлттық құндылықтарды қастерлеу  керек дейтін  бұлжымас әрі үмітсіз әрекетін киноға айналдырсам деген арманым болған. Оған қоса бұл менің «Соңғы ерік» атты бір киносценариіме демеуші табуға көмектесуі де ғажап емес.

Бұған дейін қысқаметражды киномен жұмыс істеп көріп пе едіңіз?

Мен 11 жасымнан бастап кино режиссері болуды армандадым. Және осы арман жолында сенімді адымдап келе жатырмын. Дәл қазіргі таңда түсірген картиналарым аз емес. Бұған дейін де менің дипломдық жұмыс ретіндегі «Белгі беру оты» атты деректі фильмім РФ ZILANT халықаралық кинофестивалінде «Үздік қысқаметражды фильм» номинациясын жеңіп алған. «Үміт» атты әлеуметтік ролигім «ШАБЫТ» Халықаралық жастар шығармашылығы байқауында ҚР мәдениет және спорт министрлігінің арнаулы жүлдесімен марапатталды. Ал «Ояну» атты толықметражды туындым қатарынан бірнеше кинфестивальде атап өтілді. Аталған фильм Indian cine film festival халықаралық кинофестивалінде «Үздік операторлық жұмыс» номинациясы бойынша марапатталып, осыдан кейін іле-шала Ұлыбританияда өткен «V Eurasian Film Festival» барысында «Audience choice award» номинациясын жеңіп алды. Қазірдің өзінде Италиядағы SONDRIO кинофестивалі  осы фильмді өз мұрағатында сақтауға шешім қабылдап, көрермендерге коммерциялық емес және оқу-әдістемелік мақсатта көрсетуді ұйғарып отыр.

Фильмдеріңіздің өзегінде қандай идея жатыр және оны қысқа форматта қалай жүзеге асырасыз?

— Қазақтарда қасиетті және әулиелі жерлерге тимеу, бүлдірмеу дәстүрі бар. Осындай обалы бар жер – балапаны бар құстың ұясы. Әкем марқұм көп оқитын кісі еді. Оның сүйікті аңыздарының бірі – жұртымыз жоңғар шапқындығы кезінде атақоныстарын тастап, бас сауғалап жатқанда, жалғыз Төле би ғана уығын бұзбай отыра бергені болатын.

Сонымен бабамыз отырған жерге жаудың аяғы жетіп, жоңғар қолбасшысы былай деп сұрайды:

Неге сен басқалармен бірге қашпадың? Жаныңды сақтап қалу үшін неге киіз үйіңді бұзып алып, кетпей отырсың?

Сонда көреген Төле би былай деп жауап берген екен:

Қарлығаштардың бірі ұясын менің киіз үйіме салыпты. Мен оның ұясын бұза алмадым, әйтпесе, менің менің халқым мұнан да үлкен қасіретке душар болуы мүмкін.

Дәл осындай жауапты естіген жау тәнті болып қана қоймай, қаймығып қалады. Өйткені ол Құдайдың қорғауындағымен санасатын заман. Үрейленген жау кері қайтып, халқымызды тыныш қалдырған деседі.

Сондықтан, кейін менің әкем де жас кезінде электрзауытында жұмыс істеп жүргенде, дәл осындай оқиғамен бетпе бет келіп Төле биден қалған тәмсілді қайталайды. Ол жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда ұяны бұзбай, кідіртіп, балапандары қанаттанып, ұшып кеткенін күтеді. Әлбетте, әкем мұндай қадамы үшін сыйақыдан қағылса да, бірақ ешқашан сол ісі үшін өкінген емес. Кейінірек, ол екі құсты ұшырып жібергеннен кейін, аян түс көріп, дүниеге менің екі бауырым келген екен. Ал араға тағы біраз уақыт салып, сол электрзауытының бастығы қаланың қақ ортасынан әкеме пәтер бергізеді. Сол кезде шешем: Балапандары бар сол ұя – біздің балаларымызға да пана болды. Міне, Жаратқан иеміз осылайша, кішкентай жақсылықтарымыз еселеп қайтатынын ескертті» деп айтып отырушы еді.

Бүгінде осыны және түп-тамырымызды талайлар ұмытты. Әлемде қайырымдылық азайды. Адамдар түкке тұрғысыз дүниелерге уақытын зая кетіреді. Сондықтан мен өз өнерімде өміріміздің мәні неде екендігін еске салып отырғым келеді.

Қалай ойлайсыз, сіздің фильміңізге қазылар алқасының назары неге ауды?

— Бәлкім, бұл оқиға шын мәнінде өмірден алынып, артық әсірелемегендіктен болар, олар адамдық туралы, менің табиғатпен және жан-жануарлармен қарым-қатынастың маңыздылығы туралы айтпағымды түсінген болар, шындығында да біздің халқымыз осындай.  Және экономика байлығы басқа елдерді мықты еткенімен, ақиқатында біздің халқымызды  өлтірмей, мәңгілікке сақтап келе жатқан да дәл осы салт-дәстүрлеріміз бен мәдениетіміз.

Сіздіңше, креаторлар үшін #TikTokShortFilm сынды жобалардың мәні неде?

— Меніңше, кез келген қолданушы осындай жобалардың арқасында бұрын тек қана экран арқылы таныс болған кинематография әлеміне сүңги алады. Оған қоса өнер әлемінде жаңа жұлдыз ретінде жарқырап, өз шығармашылығын паш ету мүмкіндігіне ие болады.

Келешекте, соның ішінде платформада қандай идеяларды жүзеге асырғыңыз келеді?

— Әкем бала кезімнен маған халқымыздың тарихын әңгімелеп отырушы еді, тыңдап отырып, осы туралы кино түсіруді армандадым. Осылайша менде кино режиссері  болу және тарихи фильмдер түсіру арманы пайда болды. Менің жоспарымда келесі жылы осыдан үш жыл бұрын өзім жазған сценарий бойынша фильм түсіріп, оны Канн фестиваліне қатыстыру ниеті бар.

Ал TikTok-тағы шығармашылығыма келетін болсақ, қазақ апаларымен бірге ұлттық  дәстүрлеріміз бен мәдениетімізді баяндайтын және оны ғылыми түсініктемелермен жетелейтін жоба жасағым келеді. Мұндай қысқа форматтағы бейнебаяндар жастарға өздерінің түп-тамырларынан ажырап қалмауда қызықты болуы мүмкін. Себебі қазіргі таңда ақпараттар легі өте көп, оның игілігіңе пайдалана білу — өте маңызды.