Басты бетЖаңалықтарАлматыда кезекте...

Алматыда кезекте тұрған тағы 86 адам баспаналы болды

Алматыда кезекте тұрған тағы 86 адам баспаналы болды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Medeu city тұрғын үй кешенінде орналасқан 20 үйден халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 86 алматылыққа пәтер кілті табысталды. Алматыда қоныс тойы жалғасып отыр.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал тобының тізімі бойынша кезекте тұрған азаматтарға кезектілік тәртібімен қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан екі мың жалға берілетін пәтер беру жоспарланған, оның 400-і жетім балаларға беріледі. Сонымен қатар пәтерлерді басқа адамдарға жалға беруге және қайта жоспарлауға болмайды, — деді Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.

Оның айтуынша, мегаполисте жақын арада тағы жүздеген тұрғын баспаналы болады.

Пәтер алғандардың қуанғандары соншалық, эмоцияларын жасыра алмады. Солардың бірі үш ұлдың анасы Айман Нұртаева.

Мен өте ризамын, қуаныштымын. Бұл күнді ұзақ күттік, 2011 жылы кезекке тұрдық. Біз үшін бұл үлкен қолдау, — деді Айман Нұртаева.