Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт мейрамына қатысты түсінік берді.
Бүгін һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталды. Демек, Арапа күні биыл 15 маусымға сәйкес келеді. 16 маусым – Құрбан айт мейрамының бірінші күні, — делінген хабарламада.
Діни басқарманың мәліметінше, ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады. Зул-хижжа айын анықтау үшін зул-қағда айының 29-нда айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады.
2024 жылғы 6 маусымда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 7 маусымда басталып, арапа 15 маусымға, ал құрбан айт 16 маусымға сай келеді, — делінген хабарламада.
Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсініктеме берді.
Құрбан айттың бірінші күні мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтіледі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 16 маусым (жексенбі) деп жариялады, яғни, бұл – демалыс күні. Сондықтан құрбан айт мерекесі басқа күнге ауыстырылмайды, — дейді министрліктен.