Басты бетЖаңалықтарПрезидент Ұлттық...

Президент Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына барды

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына барды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы медициналық авиация және жедел жәрдем қызметтерінің, науқастарды қабылдау бөлмелерінің жұмысын үйлестіретін орталықтың қызметімен танысты. Кешенде 250 орындық стационар бар.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы Тимур Мұратовтың айтуынша, мекемеде 29 бағыт бойынша емдеу ісін жүргізетін тоғыз клиникалық департамент құрылады. Мұнда жылына 18 мыңнан астам науқас емделе алады.

Президент заманауи құралдармен, соның ішінде мобильді компьютерлік томограф және OR-1 жүйесімен жабдықталған операция залдарын аралап көрді.

Мемлекет басшысы орталықтың қызметкерлерімен әңгімелесу барысында мұндай бірегей нысанның іске қосылуын отандық медицинаның зор жетістігі деп бағалады. Сонымен қатар мекемеге білікті мамандарды көптеп тарту қажет екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұжымның жұмысына табыс тілеп, орталыққа реанимобиль сыйлады.