Биыл 217 мектеп оқушыларды қабылдайды

Жыл соңына дейін 217 мектептің құрылысы аяқталады. Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстырған қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.

2022 жылдан бастап үкімет жобалық басқарудың белгіленген өлшемшарттарына сәйкес келетін ұлттық жобалардың жаңартылған тізбесін айқындау бойынша жұмыс жүргізді. Бюджеттің мүмкіндіктері мен басымдықтарын ескере отырып, үш ұлттық жоба қабылданды. Оларды іске асыруға түрлі көздерден 625,2 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 536,4 миллиард теңге бөлінді. Қалған 10 ұлттық жоба мен 2 мемлекеттік бағдарламаның күші жойылды, — деді министр.

Оның айтуынша, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын іске асыруға өңірлерге Ұлттық қор қаражаты есебінен 500 миллиард теңге бөлінді.

Ұлттық жобада төрт стратегиялық көрсеткішке қол жеткізу, оның ішінде кемінде 740 мың жаңа оқушы орындарын іске қосу көзделеді. Осы жылы 217 мектептің құрылысы аяқталады, — деді ол.

Мәди Тәкиев «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын іске асыруға жоспарланған 42 миллиард теңгенің 37,8 миллиард теңгесі бөлінгенін айтады.

2023 жылы медициналық-санитариялық көмек пункттерінің 99 объектісін салу жоспарланған. Оның ішінде 93 объекті аяқталды, үш объектінің құрылысы жалғасуда, төрт объектінің құрылысы тоқтатылды. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыруға жоспарланған 87,8 миллиард теңгенің 87,4 миллиард теңгесі игерілді. Жоспарланған барлық көрсеткіштерге қол жеткізілді, — деді министр.