Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанның барлық өңірінде су тасқыны аяқталғанын хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Батыс Қазақстан облысындағы төрт ірі су қоймасы 87%-ке толды. Олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істейді.
Ақмола облысында екі ірі су қоймасы 99%-ке толы. Екі нысан да штаттық режимде жұмыс істейді. Солтүстік Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы 100%-ке толы. Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 95%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші 89,8%. Абай облысында Шүлбі су қоймасы 87,8%-ке толды. Ертіс каскадының барлық су қоймалары штаттық кестеге сай жұмыс істейді, — делінген хабарламада.
Қарағанды облысындағы үш ірі су қоймасы 99,5%-ке толы. Олардың барлығы штаттық кесте аясында жұмыс істейді.
Қостанай облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 91%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Су қоймаларына жиналған тасқын суы ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалану үшін жіберіледі, — делінген хабарламада.