VPN деген не?

Экшн жарнындағы фильмді елестетіңіз. Көлікпен қашып бара жатқан қылмыскерді тікұшақпен қуып келе жатады. Бір уақытта көлік туннельдің ішіне кіріп кетеді. Одан шығатын бірнеше жол бар. Тікұшақ оның қай жолмен шығатынын білмегендіктен, көз жазып қалады.

VPN де туннель сияқты. Оған кімнің кіргенін, не істегенін сервис иесінен басқа ешкім білмейді.

Қарапайым түрде түсіндірсек, VPN — сіздің компьютеріңізді немесе телефоныңызды қауіпсіз интернетке қосады. Мысалы, VPN-ге қосылмаған кезде сіздің ақпараттарыңыз қарапайым үйде столдың үстінде жатқан сияқты болады. Кез келген уақытта біреу сіздің үйіңізге түсіп, ұрлық жасауы, қоршауыңызды бұзып кетуі мүмкін. Ал, VPN-ге қосылған кезде ақпараттарыңыз биік қоршаумен қоршалған, қауіпсіздік шаралары сақталған үйдегі қалың сейфте болады. Оны ешкім бұзып кіре алмайды. Кілт VPN сервисінің иесі мен сізде ғана бар.

VPN қалай жұмыс істейді?

VPN-ге қосылған кезде компьютеріңіз бен интернеттің ортасында виртуалды «туннель» пайда болады да, сіздің іс-әрекеттеріңіздің бәрі осы туннельде өтеді. Ешкім сырттан келіп,  кімге не жазып, қандай ақпарат іздеп отырғаныңызды көре алмайды. Оның бәрі ешкім бұза алмайтын арнайы алгоритммен шифрланады.

VPN интернет-цензура бар елдерде жұмыс істеу үшін өте тиімді. Ол үшін ұсынылған тізімнен қосылғыңыз келген сайтқа бұғат қойылмаған елді таңдайсыз. Мысалы, Нидерланд елін таңдадыңыз делік. Сол кезде сіз Қазақстанда отырсаңыз да, VPN компьютеріңіздегі IP-адресіңізді өзгертіп, қосылған барлық сайттар мен сервистер сізді Нидерланда отырғандай «қабылдайды».

Сондай-ақ, VPN бас кеңселердің бөлімшелерінің желіге қосылу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл ірі компаниялардың басшысы үшін тиімді. Ол VPN сервисін орнату арқылы барлық қызметкерлерінің орталық кеңсеге қосылуын, олардың интернетте не істеп отырғанын бақылай алады.

VPN
VPN технологиясы

VPN түрлері 

Қорғалған. Ол виртуалды жеке желілер арасында анағұрлым кең таралған нұсқасы. Оның көмегімен сенімді және қорғалған желі құруға болады. Қорғалған VPN-ге мыналар жатады: IPSec, OpenVPN и PPTP.

Сенімді. Бұл түрін виртуалды ішкі желілер құру үшін қажетті және сенімді деп танылған жағдайда ғана қолдануға болады. Мұндай VPN шешімдер ретінде келесілерді қарастыруға болады: Multi–protocol label switching (MPLS) және L2TP (Layer 2 Tunnelling Protocol) . Нақтырақ айтсақ, бұл хаттамалар қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін басқаларына жүктеп қояды, мысалы L2TP хаттамасы IPSec хаттамасымен бірге қолданылады.

Бағыты бойынша:

Intranet VPN. Бірнеше таратылған филиалы бар бір мекемедегі бірыңғай қорғалған желіні біріктіру үшін қолданылады, ол байланыстың ашық каналдары арқылы мәлімет алмасып отырады.

Remote Access VPN. Орталық офис пен филиалдар арасындағы және корпоративті ресурсқа үйдегі компьютер, ноутбук, смартфон немесе интернет дүңгіршегі арқылы қосылатын жеке пайдаланушының қорғалған каналдарды құру үшін пайдаланылады. Бұл ірі компанияның ссырттағы қызметкерлері үшін пайдалы.

Extranet VPN. Тапсырыс беруші немесе клиенттер сияқты «сыртқы» пайдаланушылар қосылатын желілерде қолданылады. Оларға деген сенімділік компания қызметкерлеріне қарағанда анағұрлым аз, сондықтан аса құнды, құпия ақпараттарға қорғанысты қамтамасыз етуді талап етеді.

VPN-ді жұмыстан тыс уақытта қолдануға бола ма?

Әрине, болады. Қазіргі уақытта VPN қызметтерін тегін ұсынатын сервистер бар. Оны Google Play мен App Store-дан да таба аласыз.

Олар барлық шығынды өз мойындарына алады. Есесіне сізден ақпарат алады. Қандай ақпарат? Сіздің интернетте не істеп-не қоятыныңызды, қандай сайттарға қосылып, не іздейтініңізді біліп отырады. Бұл оларға сіздің сандық портретіңізді жарнама берушілерге сату үшін қажет. Яғни олар барлық шығынды жарнама берушілер арқылы жауып, табыс та түсіреді.

Ақылы VPN-сервистер де бар. Олар абоненттік төлемдер арқылы «күн көреді». Сіздің жеке ақпараттарыңыз оларға қажет емес. Алайда, олардың адал жұмыс істейтіне сену қиын.

Олар сізден абоненттік төлем алып, жарнама берушілерге сіздің сандық деректеріңізді де сатуы мүмкін. Осылайша екіжақты табыс түсіреді.

Айтпақшы, VPN ағылшынша Virtual Private Network, яғни «Виртуалды жеке желі» деген сөз.