20 мамырдан бастап Астанада медициналық туризмді дамыту мақсатында шетелдіктерге арналған тур бағдарламасы басталды. Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ұйымдастыруымен елордаға ТМД елдері мен Қытай Халық Республикасының дәрігерлері мен медициналық ұйым өкілдері келді.
Қазақстан Орталық Азияда медициналық туризм ілгері дамыған елдердің бірі. Шетелден келген делегаттар еліміздің ең жетекші орталықтары мен ауруханалардағы емдеу схемалары, оңалту тәсілдерімен танысуға ниет білдірген.
Тур барысында Ресейден, Әзербайжаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан келген қонақтар Астанадағы «Балаларды оңалтудың ұлттық орталығына» арнайы барды.
«Балаларды оңалтудың ұлттық орталығында» жылына 4400 бала оңалтудан өтеді. 16 жыл ішінде 66 мыңнан астам бала аяққа тұрған. Орталықтың басқарушы директоры Сая Амангелдіқызы тур қатысушыларына оңалту кабинеттері мен аппараттарын таныстырды.
«Медициналық туризмді дамыту аясында өткен жылы ТМД елдерімен ғана емес, шет елдермен де 6 меморандум жасалды. Мысалы, Қытайдағы ең ірі Сиань ауруханасымен, француз жоғары психомоторлы оңалту институтымен келісім жасадық. Оның шеңберінде Қазақстан бойынша қызметкерлер мен мамандарды оқытып жатырмыз. Біздің «Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы» еліміздегі бірегей орталық. МӘМС шеңберінде 300 төсек-орын, ақылы негізде 6 төсек орын қамтылған», — дейді Сая Амангелдіқызы.
Орталыққа келушілердің көпшілігі – церебральды сал ауруы бар балалар. Одан кейін аутизм, даун синдромы және жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары бар балалар кезекте тұр.
«Біздің орталықта инновациялық технологиялар енгізілген. Локомат, роботты кинезиотерапия, гидрокинезотерапия процедуралары бар. Шетелде оқыған тәжірибелі мамандар да жұмыс істейді. Балалардың дене қозғалысын жақсарту үшін экзоскелеттер қолданылады», — дейді Сая Амангелдиева.
Тур қатысушылары орталықтағы әрбір бөлімнің қызметімен танысып шықты. Соның ішінде Модельдеу және ортездеу зертханасындағы жұмыс ерекше әсер қалдырды.
«Біздің лаборатория балалардың аяқ-қолындағы немесе денесіндегі деформацияға сәйкес арнайы ортез жасайды. Баланың мөлшерін алып дайындаймыз. 60 түрлі қызмет көрсетеміз, 40 түрлі ортез жасалады. Жылына 5400-ден аса ортез жасалған. Орталықта жатқан 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға, одан бөлек сатып алғысы келетін науқастарға да жасалады», — дейді Дәулеткерей Аманжолұлы.
Әлеуметтік-педагогикалық оңалту басқармасының басшысы Айгүл Балтабаева балалардың монтессори кабинеттерін, логопед жұмысы мен қысқы бақтағы жүйені таныстырды.
«Қысқа бақта өсімдіктердің 100-ден астам түрі бар. Оңалту кезеңіндегі балалар үй өсімдіктеріне күтім жасауды, суаруды, сүртуді үйренеді. Еңбекке баулып қана қоймай бос уақытында тынығып, аналарымен бірге уақыт өткізеді. Ал жасөспірімдер өсімдіктер физиологиясын зерттейді. Жеміс көшеттерін отырғызып, күзде көкөністер мен жемістерді жинайды. Олар жасаған жұмыстарының нәтижесін көруге асығады», — дейді Айгүл Балтабаева.
Орталықта бассейн, велосипед тебуге арналған орындар мен өз үйіндей сезініп, күнделікті әрекеттерді жасауға үйрететін кабинеттер де қамтылған.
Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы шетелдіктерге арналған турдың негізгі мақсатын айтып өтті. Әуелі — Астананы медициналық туристік дестинация ретінде танымал ету. Медициналық туризмді дамыту және қаланың медициналық ұйымдардың жұмысын ілгерілету, әртүрлі елдердің медицина мекемелерімен серіктестік және ынтымақтастық орнату.
Шетел азаматтары арасында көбіне кардиохирургия, нейрохирургия, стоматология, балаларды оңалту және репродуктология саласындағы қызметтерге сұраныс жоғары.
Мысалы, ЭКҰ бағдарламаларына Қытайдан келген пациенттер ерекше қызығушылық танытады. Бұл халықаралық деңгейде медициналық қызметтің деңгейі өскенінің және қызмет сапасына деген сенімнің көрсеткіші.
Астана қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, алдағы уақытта шетелдік медицина мекемелерімен тәжірибе алмасу мақсатында келісім-шарттар жасалмақ. Пациенттерден бөлек дәрігерлер де елімізде біліктілігін арттыруға ұсыныстарын жіберіп жатыр.