Арман туралы көп айтамын. Мені кездесу шараларына шақырған жастар: «арманға жаңа түсінік берген екенсіз», — дейді бірде. Арман — адамның қиялындағы дүние, егер әрекет жасамасаң, ол сол күйі қалады. Арманға қарай мақсат қою керек. Осы мақсатқа қарай жоспар құру керек. Мен әр істе осы үш этап бойынша әрекет жасаймын. Мысалы, машина алуым үшін не істеуім керек? Стипендиямды былай үнемдеймін, табысымның осынша бөлігін мында құямын, күніне 200 теңгені копилкама (жинақ сандықша) салып отырамын деген тәрізді мақсатқа қарай жұмыс істеймін.

Еңлік Әбдіқадыр, АЕН продюссерлік орталығы
©SZH.kz

Қайда барсам да күнделігімді өзіммен бірге алып жүремін. Түнде ұйқыға жатпас бұрын ертеңгі күніме жоспар құрып аламын. Маған телефондағы жазбалардан гөрі өз қолыммен жазылған жоспарлар әсерлірек болып көрінеді.

Осы үш этап бойынша әрекет еткеннен кейін мен оның шынымен пайдалы екендігін түсіндім. Қазіргі уақытта айналамдағыларды да осыған үйретіп келемін. Мысалы, бізге журналистика курсына келген оқушыларыма бірінші күні-ақ қолдарына ақ парақ пен қалам беремін де, армандарын жаздырамын. Олардың менде құпия болып қалатындығына уәде беріп, жинап аламын. «Енді осыған қарай мақсаттарыңды жазып алып келіңдер» деп тапсырма беремін. Сол бойынша әрекет етулерін бақылауда ұстаймын.

Еңлік Әбдіқадыр, АЕН продюссерлік орталығы
©SZH.kz

Бала кезімнен, шынымды айтайын, бай болуды қатты армандадым. Бала арманның айыбы жоқ қой. Мұның барлығы үйдегі жағдайға байланысты болса керек, қалағаныма қол жеткізгім келді. Ата-анама үлкен сыйлықтар жасағым келетін. Әлі де солай.

«Кәсіп бастарда ата-анамнан көмек сұрамадым»

Өмірде түйгенім — барлық бақыттың бастауы адамның құлшынысында. Адам нені қаласа, ол қолынан келетін іс болса және соған қол жеткізсе, адам бекер өмір сүріп жүрген жоқ. Қазіргі уақытта ақшасыз да іс бастап, жетістікке жетуге болатындығын өзіме сендіріп келемін. Осы уақытқа дейін жеткен жетістігіме ата-анамның тарапынан ең үлкен көмек болды. Ол — тек рухани қолдау. «Жасап көр, істей ғой, сенің қолыңнан келеді» деп мені жігерлендіріп отырды. Ал қаражат жағынан ата-анамнан көмек сұрамадым. Көбі сенбейді, алайда шындық — осы. Қазіргі «АЕН» продюссерлік орталығын ашар кезде, құжат жағын әбден реттеп алғаннан кейін барып қана өз жоспарым жайлы хабарладым. Анам — өте уайымшыл жан. «Осындай орталық ашатын болдым» дегенімде, «неден таршылық көріп отырсың?», «ертең қарызға батсаң қайтесің?», «асықпай, зерттеп барып бастамадың ба?» деген тәрізді қаупін білдірді.

Еңлік Әбдіқадыр, АЕН продюссерлік орталығы
©SZH.kz

Дәл сол уақыттарда «қолыңнан келе ме, Еңлік?» деп сынап, өзіме жаңалық ашып көргім келді. Сынақтан өттім, бұдан кейін қорықпайтын болдым. Тағы бір нәрсе ашу керек болса, тәуекелге бел бууға дайынмын. Қарапайымдылықпен бастап, биік деңгейге жеткен қазақ қыздарының қатарынан болғым келеді.

«Той бизнесін қалай бастадым?»

Бойымда бала кезден ұйымдастырушылық қасиет бар. Жаңа жыл мерекесінде әулетімізбен әр жыл сайын түрлі бағдарламалар жасаймыз. Отбасылық жарыстар, Наурыз мерекесінде ойындар ұйымдастырамын. Алдын-ала хабарлап, ертеңінде үйімізде кішігірім турнирлер өткіземіз (күледі). Осы қасиетімді неге үлкен көлемде пайдаланып көрмеске деп, той ұйымдастыра бастадық. Университетте бір топта оқитын досым Айтбек Тұрсынбаев — асаба. Одан бөлек Наурыз деген асаба досымды қатарымызға қосып, биші, фотографтар тауып, тойларға шыға бастадық. Алғашқы тапсырымызды алдық. Тойды ойдағыдай атқарып, әжептәуір ақша түсірдік. Бастапқыда тойларға 50-60 мың көлемінде шығып жүрдік. Бәріміз топырлап, 5-6 адам бөліп аламыз оны.

Еңлік Әбдіқадыр, АЕН продюссерлік орталығы
АЕН продюссерлік орталығының қазіргі командасы

Үйлену, қыз ұзату, шілдехана, құдалыққа дейін атқара беретінбіз (күледі). Әртүрлі асабалармен тойға аттанамын. Бірақ, шынымды айтайын, бізде сапа болмайтын. Ол асабаның даусы қандай, жақсы атқара ала ма, аппаратура жақсы істей ме, жоқ па — мән бермеппін. Ал қазір сапа үшін жұмыс істеудеміз. Себебі батыл түрде өз бағаңды ұсына аласың, саған бір жүгінген адам жақсы ойда қалады. Бұл — клиент табудың ең қарапайым әрі ең қажетті түрі.

«АЕН» продюссерлік орталығы қалай құрылды?

Вконтакте, Инстаграм желілеріне «арман» туралы посттар жаза беретінмін. Содан жекеге кішкентай қыздардан хаттар келе бастады. Бәрі мектеп оқушылары болатын. «Қалай журналистикаға түссе болады?» деп сұрақтар қоя беретін. Ол кезде ҚазҰУ-дың «әл-Фараби» арнасында жасаған жұмыстарымды әлеуметтік желілерге салып қоятынмын. Қандай жұмыстар жасадым, қазір есімде жоқ. Бірақ соны елеп қалған қыздар болыпты. Бәлкім, содан болар, менің ойыма жаңа идея келді. Егер орталық ашатын болсам, ішіне мынадай қызмет түрлерін: «той ұйымдастыру», «журналистика курсы», «гитара курсы» — не қолымыздан келеді, соны кіргізейін дедім.

Еңлік Әбдіқадыр, АЕН продюссерлік орталығы
Орталықтың бір жылдығына орай шығарылған афиша. ©SZH.kz

Ол кезде журналистика курсын ашарлықтай қабілетімнің бар-жоғына мән бермеппін. «Көрейін, бар білетініммен бөлісейін, мүмкін келер, мүмкін келмес» деп тәуекелге бел будым. Таныс бір фотограф бала болды. Онымен де келісіп алармын деп, «фотосессия» қызметін кіргізіп алдым. Көйлектер сатып ала беретінмін. Арзан болсын, қымбат болсын. Олар бір киілгеннен босқа қалып жатты. «Көйлектерді жалға беру» деп те кірістіріп қойдым.

Байқағаным, адамдарды өзіме сендіре алады екенмін, қарым-қатынас жасай білемін. Мұны тойдан тапсырыс қабылдап жүргенімде аңғардым. Содан өзіме деген сенімділік арта түсті.

20 мың теңгемен басталған кәсіп

ИП-ны (жеке кәсіпкер) ашқаннан кейін жалға алатын ғимарат іздей бастадым. «Көрпеме қарамай» бірден қымбат ауданға барып алыппын. Қорықпастан Алматы орталығынан үш бөлмелі орынды алмақ болдым. Қалтамда 20 мың теңге ғана бар (күледі). Оның 10 мың теңгесін құжаттарды рәсімдеуге жұмсадым. Тек жартысы ғана қалды. Қазір ойлап қарасам, күлкілі. Бірақ осынша ғана ақшам болса, қазір де кәсібімді бастаудан тайынбас едім. Бірінші алған орнымның жалға беру құны 170 мың теңге болды. Осы кәсіпті бірге бастаған досым Төлеген:»сенімдісің бе, ертең қайдан тауып бересің?»- деп сұрай береді. Қайдан келген батылдық екенін білмейін, «мына жерді алмасам болмайды» деп айтқанымнан қайтпаймын. Иесіне барып 10 мың теңгеге келісімге отырмақпын. Ол кісі: «бұл аз, тым болмағанда 70 мыңын төле», — дейді, «Келесі апта тауып беремін»,- деп көндіріп, ақыры қағаздарды рәсімдеп алдық. Енді ана орын менікі сияқты. Қуанышта шек жоқ. Қорқынышым да қалысар емес. Ұйқым азайды.

Еңлік Әбдіқадыр, АЕН продюссерлік орталығы
©SZH.kz

Тиын санаған сәттер

Афишалар жасаттық, тараттық. Журналистика курсына екі-ақ адам келді. Гитара курсына алты адам жазылды. Гитара курсы 6 мың теңге, журналистика курсында оқу 5 мың теңге болды. Шынымды айтсам, сол кезде тиын санадым. «Автобусқа 80 теңге кетті, 5 теңгеге қағаз шығардым, бүгін түскі ас ішпей қояйын» деп, шығынымның бәрін есептеп жүрдім. Қарап тұрсам, жұмысымның барлығы толық емес сияқты. Оқытып жатқаным екі-ақ оқушы. Бірақ соларға бар білгенімді жанымды бере үйретемін. Аптасына 3 рет оқиды, айына 5 мың теңге төлейді. Мойымағандығым сол кездегі жалыннан, қызығушылықтан болар.

Еңлік Әбдіқадыр, АЕН продюссерлік орталығы
АЕН продюссерлік орталығының командасы

Жан баласы келмейді орталыққа. Күні бойы жалғыз отырамын. Арасында тойға тапсырыс түседі. «1 наурыз орталықтың ашылуы» деп елдің бәріне хабарлап тастадым. Өзім ішімнен біліп тұрдым, менің туысқандарым келеді. Олар құр алақан болмайды. «Көрімдікпен қалайда осы бірінші арендамды жабамын» деп, өзіме сенімді болдым (күледі). «Ана ағам осынша ақша, мына тәтем осынша бере алады» деп, барлығын есептеп қойдым. Нұрғанат деген ағам бар. Ол кісі компьютер сыйлады. Туысқандар жабылып 50 мың теңге берді. Тойдың, курстың ақшасын жинағанда, әрең дегенде бірінші арендамның ақшасы құралды. Бердім. Енді екінші айдың ақшасын төлеу керек. Ол келе жатыр.

Еңлік Әбдіқадыр, АЕН продюссерлік орталығы
©SZH.kz

«Енді не істеймін?» деп отырғанымда, Бөгенбай деген фотограф досым хабарласты. «Арзанға, 100 мың теңгеге фон мен екі жарық беретін аппарат сатылғалы жатыр. Алып қал», — деді. Төлеген жарты ақшасын беріп, тағы бір досымыздан қарызға ақша алып әлгі аппараттарды сатып алдық. Енді менің бар ойым, екінші аренданы фотосессия арқылы жабу. «Фотосессия ұсынамыз, сағаты 5 мың теңге, кез келген образда түсе аласыз» деп афиша жасатып, жарнаманы жан-жаққа тараттық. Ойлағанымдай-ақ болды. Енді біздің телефондарға тыным болмады. Сөйтсем, 5 мың теңге деген өте жақсы баға екен, оның үстіне сапалы суреттер, фотографымыз да кәсіби маман болды. Бір апта бойы тоқтамай тапсырыс алып, жаптық бәрін. Бөгенбай фотографымызға үйден түскі ас әкеліп беріп, жағдайын жасап, ол да өз ісіне беріле кірісіп, барынша еңбек еттік. Мен енді түсіндім, бастысы сервис екен. Адамдарға сенің жұмысыңның сапалы болғаны жетеді. Сөйтіп арендаторға барып: «ренжімеңіздер, мен мына жерге төлей алмайды екенмін», — деп, арзандау жерге көшіп кеттік.

Еңлік Әбдіқадыр, АЕН продюссерлік орталығы
АЕН продюссерлік орталығының бір жылдық кеші

Екі бөлмелі, іші кең болмаса да осы жерде өніп келеміз. Мұнда үлкен жұмыстар атқарылды. Қазір «АЕН-ге» келсем, екінші үйіме келгендей боламын. Әр бұрышы қымбат, себебі мұның барлығы — 5-10 теңгені үнемдеу арқылы келген еңбектің жемісі. Журналистика курсындағы шәкірттерімнің саны 50-ге жетті. Қазір жаңа топ жасақталып жатыр. Оған 10 бала келіп тіркелді. Жаз мезгілінде тойға тапсырыс үйіліп түседі, Аллаға шүкір. Фотосессияның ақшасын да өсіріп қойдық. Фотосессияға келген адамдар жаңа образбен түскісі келеді немесе көйлек әкелмейді. Оларға 500 теңгеге көйлектерді жалға береміз.

«Жалпақ шешейліктен қалай құтылдым?»

Басында көбіне таныстарымыз «туысым», «әпкем», «досым» деп келеді. Оларға «осынша теңге» деп айтып тұру ұят болатын. Бірақ көп жомарттық танытып қойыппын. Артынан өзім қиналып қалып жүрдім. Қазір үйрендім. Мұның барлығын жасап жатқан мен емес сияқтымын. Прайс-лист дайындап қоямын. Бағалардың барлығы жазылып тұрады. «Мінеки, бізде мынадай қызметтер бар. Осындағы қызметкерлермен бірігіп тағайындаған бағалар» деп ұсынамын. Әңгіменің барлығы, «жалпақ шешейлік» мәселесі осылай шешіледі (күледі). Бизнес болған соң, мұндайға уақыт өте келе үйренді екенсің. Себебі еңбектің құны бағалануы керек.

Еңлік Әбдіқадыр, АЕН продюссерлік орталығы
AENpress баспасының алғашқы өнімі, «Армандар орындалады» журналының тұсаукесері

Ал қазір жақында ашқан «Армандар орындалады» атты журналымның статусы үшін жұмыс жасап жатырмын. Бір журналдың бағасы — 600 теңге. Қымбат болғанымен, мен мұнда барлық білгенімді, құпияларымды жазып, оқырманға ұсынып отырмын. Болашақта кейіпкерлер журналдың мұқабасына шығуға ұмтылатындай деңгейге жеткіземін, Алла қаласа. Журналдың сапасы өте жақсы, әр беті 120 грамдық жылтыр (глянц) қағазбен шығады. Бұл — жаңалықтар жазылатын журнал емес, уақыт өтсе де, ішіндегі ақпарат құндылығын жоғалтпайды. Қаріптері көзді ауыртпайды, су тисе, ағып кетпейді. Адамдарға әрине мұны айтпасаң, қызықпайды. Неліктен қымбат екенін түсінбейді. Сол үшін күнделікті журналдың шығу барысы, материалдың жазылуы жайлы айтып, көрсетіп Инстаграм желісіндегі тікелей эфирге шығып отырамын.

Еңлік Әбдіқадыр, АЕН продюссерлік орталығы
Еңлікпен сұхбат барысында орталыққа келген журналды сатып алушы оқырман.©SZH.kz
Еңлік Әбдіқадыр, АЕН продюссерлік орталығы
Танымал спортшы Ардақ Назаровпен болған сұхбатқа қызығушылық танытып, журналды іздеп келген оқырмандар. ©SZH.kz

Барлық істе өзім жүгіріп жүретіндіктен, кейде «кеңесшім болса» ғой деп ойлаймын. Барлығын жеке басымның тәжірибесі арқылы, бір сүрініп, бір тұрып, күш алып келе жатырмын. Бірақ кеңесшімнің болғанын қатты қалаймын.

«Өзгелерге жұмыс істей алмайды екенмін»

Нақтылық арқылы адамдарды өзіме тарттым деп ойлаймын. 1-курстан кейін 31-арнаның «Информбюросында» жүріп, азды-көпті тәжірибе алдым. Одан кейін ХитТV арнасында екі бағдарламада жұмыс істедім. Біріншісі — тікелей эфирде өтетін, екіншісі -Headliner бағдарламасы. Монтаждың, тікелей эфирдің қызығы мен шыжығын көрдім десем болады. Одан кейін «Өте дәмді», «Балжан» журналдарында редактор болып жұмыс істедім. Бірден редактор болуыма ХитТV арнасындағы қыздар ұсыныпты. Бірақ осы жұмыстарды істеп жүргенімде біреудің бұйрығын қабылдай алмайтындығымды түсіндім. Журналдарда 5 ай жұмыс істеппін. Бастысы, өзіме үлкен тәжірибе жинадым. Шәкірттеріме айтарым, үйретерім толықты.

Журнал ашу идеясы қалай келді?

«Өте дәмді», «Балжан» журналдары жабылатын болды. Маған «сатып аласың ба?» деген ұсыныс жасады. Сондағы динайнер досым «бір жабылған журналдың статусында нұқсан бар, өз журналыңды ашпайсың ба?» деген ұсыныс айтты. Бірден осы идеяға жүгініп, әпкем Жұлдызаймен ақылдасып мотивациялық журнал ашатын болып шештім. Атауына ұзақ ойландым. Ақыры «Армандар орындалады» деген атауға тоқтадым. Қазіргі уақытта кейіпкерлерімнің беделінен де болар, Орал, Өскемен, Шымкент қалаларынан да журналды сатып алуға тапсырыс түсті. Шымкентке 10 дана, Қызылордаға 10 дана сатылды. Қызылорда қаласынан орталықтың филиалын ашуға ниет білдіріп жатқан жастар бар. Бізде оқып кеткен қызылордалық қыз бар еді. Сол қыз өзіне команда жасақтап, продюссерлік орталық ашпақ ойын жеткізді. Болашақта осы жағын да қарастырамыз.

Еңлік Әбдіқадыр, АЕН продюссерлік орталығы
©SZH.kz

Курсқа оқуға келген шәкірттерімнің ата-анасы лебіздерін білдіріп жатады. «Менің қызым өзгеріп келеді, жүріс-тұрысы, киім киюі де өзгерді» деп жатады. Оларды қарым-қатынас жағынан да жақсы жаққа үйреткім келеді. Әрқайсымен дос-құрбы ретінде араласамын. Содан да болар аудиториям толықты. Жарнамаға осы уақытқа дейін ақша жұмсап көрмедім. Аптасына екі рет, бір ай бойы 1,5 сағаттан оқытамыз. Бітірген соң сертификат береміз. Барлығы заң жүзінде. Балаларды шабыттандыру үшін араларында байқау жариялаймын. Үздік сұхбат, мақалаларын «Армандар орындалады» журналына шығарып береміз. Сұхбатқа өздері келіседі, өздері барып сұхбаттасып келеді. Кейіпкерлерге бармас бұрын, алдын-ала сұрақтарын тексеріп жіберемін. Журналдың аудиториясын да шынайылықпен жаулап аламын деп ойлаймын. Журналдағы ақпараттар көшірме емес, өмірде болған, бастан өткен, тәжірибемен келген ақпараттармен толықтырамыз.

Продюссерлік орталығымыздың бір жылдығына осылайша жаңалық аштық. Орталық жанынан AENpress құрылды. Журнал — әзірге алғашқы өнім, болашақта баспа өнімдерін арттырамыз. Әр дүңгіршекке өзім барып журналдарымды ұсынып жүрмін. Мұның барлығы өзіме қызық.

Ата-анам — қолы ашық жандар. Бала кезімізде әкемнің де, анамның туыстары келіп, бізбен бірге тұратын. Үйде барлығымыз тізіліп жататынбыз, әлі күнге дейін үйімізден қонақ үзілмейді. Қарапайым отбасының қызы болсам да, көпшіл болу бойыма осылай келді деп ойлаймын.

«Ана тілі аруы» атағын сатып алдың дейтіндер бар»

ҚазҰУ-дың «Ана тілі аруы» атанғанымнан кейін, бәрі «ашылдың» деп жатады. Алайда менде бұл қасиет бұрыннан бар еді. «Алатау аруы», «Көктем аруы» деген байқауларды мектеп кезінде жеңіп жүретінмін. Бірақ дәл осы байқаудың масштабы үлкен болғандықтан, ҚазҰУ-ға танылдым десем болады. Байқаудың кастингінен өттім дегенімде, мамам ұрысты. «Ертең ана киімің бар, анауың-мынауың бар. Үлкен шығын — мұның бәрі» деп жекіді. «Финалға дайындық басталғалы жатыр» деп, бас тарта алмайтындығымды жеткіздім. Бірақ байқауды жеңемін деген ойыма келмепті. Байқау аяқталған соң, «танысы арқылы алды, ақшамен алды» деген қауесеттер құлағыма жетіп отырды. Алмас едім, егер «осынша ақша берсең, мына тәжді кигіземіз» дейтін болса әлдекімдер.

Сол кезде үйде кішігірім «дағдарыс» болып, үй жылытуға көмірге ақша әрең тауып отырған мезгіл еді. Байқау бітіп, у-да шу болып, қуанып үйге келгенімде, «коронаны (тәж) сатып алды» деген әлеуметтік желілердегі жазбаларды оқыдым. Ішімнен мырс етіп күліп , «корона алғанша, көмір алмаймын ба?!» дедім де қойдым. Көптің аузына қақпақ жоқ екенін жақсы түсіндім. Бірақ бұл жеңіс бойымдағы сенімділігімді арттырды.

Үйде демалып жат десе, мен де жата аламын, киноға барып, қыдырсам да болады. Бірақ тындыру керек жұмысым бар. Қазір ұйқым өздігінен азайды. Мен де қарапайым қызбын. Үйде жақсы аспазбын, тамақтың түр-түрін дайындай аламын. Саудаға да жақсымын, анам үй шаруасына кішкентай кезімізден баулыды. «Бүгін Еңлік үйге ерте келеді» дегенді естісе, әкем ерекше қуанады. Мамамның Камила деген сіңлісі бар. Жездем екеуі екінші ата-анамыздай болып кетті. Ауырсақ та, қуансақ та, қасымызда. Ол кіслерге де болашақта үлкен жақсылық жасағым келеді.

Шынайы мотивация

Мен өзімді әрдайым бақылап, жоспарымды жазып отырамын. Бір жыл ішінде сапаның не екенін түсіндім. Тәуекел етуден қорықпаймын. Журналды да бастай салдым. Республика бойынша бірінші мотивациялық журнал болып шыға келді. Бір түсінгенім, адамды қиындықтар тәрбиелейді. Алдыма қиындық келді ме, онымен дұрыстап қарым-қатынас жасауға тырысамын. «Сенің кезегің бе? Енді сенімен айналысайын» деп, барынша салқандылықпен оны жеңуге тырысамын.

Үйге бір бөлке нан алып келсең де, таза еңбектің жемісі өзіңе ыстық болады. Алғаш жалақы алғанда, үйге торт сатып алдым. Таласып, тармасып, қуанып жеп отырған үй ішімді көргенде, бойымды ерекше сезім биледі. Шынайы мотивация осында.

Дұрыс бағытта келе жатқан сияқтымын. Еңбекке бармын. Ақырындап қазанда қайнап келемін. Алла қаласа, мықты адам, тұлға ретінде Қазақстан тарихында қалатындығыма сенімдімін. Егер маған біреу «сенің қолыңнан бұл келмейді» десе, ол маған күлкілі болып көрінеді. Аман болсақ, елімізде тыныштық болса, ұлы істерді атқарамын.

Сұхбаттасқан  Ақжарқын Қыдырхановасуреттер Дана Маратова.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.