Марафон 23 сәуір күні сағат 07.00-ден 14.00 аралығында өтеді. Осы уақытта іс-шара өтетін жолдар бойында көліктер үшін қозғалыс шектеледі.
Қандай жолдар жабылады?
Әл-Фараби көшесінің солтүстік жағынан Шығыс айналма жолының батыс бөлігі, Абай даңғылының оңтүстік бөлігі мен Сейфуллин көшесінің Абай даңғылымен қиылысатын тұсынан Әл-Фараби көшесіне дейінгі бөлігі автокөліктер үшін жабық болады.
«Жүгіруді ұнататындар үшін бірнеше қашықтық ұсынылып отыр. Толық марафон — 42 шақырым 195 метрді, жарты марафон — 21 шақырымды, спутник жүгіру — 10 шақырымды, скандинавиялық үлгідегі жүріс — 10 шақырымды, балалар үшін жүгіру қашықтығы 3 шақырымды құрайды. Жолдардың жабылуына байланысты осы күнгі қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», — дейді «Алматы Марафонының» директоры Салтанат Қазыбаева.
Оның айтуынша, көлік қозғалысы шара аяқтала салысымен сағат 14.00-де қалпына келтіріледі. Марафонға қатысушылардан жиналған ақша қаражаты ауыр науқасты 500 баланың ем-домына жұмсалмақ.
IV «Алматы Марафонына» қазіргі уақытта 13 мың адам тіркелді.