Оюлы тақия, зерлі шапан, қынама бел қамзолды күнделікті өмірде замануи киімдермен үйлестіріп киіп алған жандарды қазір жиі кездестіруге болады. Мұндай әдемі киім киген адамнан мәдениеттіліктің, инабаттылықтың иісі аңқып тұратыны сөзсіз. Расында да елімізде ұлттық нақыштағы заманауи киімдерді кию мәдениеті қалыптасып келеді. Осындай ерекше киім үлгілерін тігіп, отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға атсалысып жүрген ҚР мәдениет саласының үздігі, Қазақстан этнодизайнерлер одағының президенті Салтанат Жапаровамен әңгімелескен едік.
Салтанат Жапарова — киіну мәдениетін зерттеп және ұлттық брендті қалыптастыруға үлес қосып жүрген жан. Ол көпбалалы аналарға, өз кәсібін бастағысы келетін қыз-келіншектерге қолөнерді, тігіншілікті үйретіп, көп адамның кәсіп бастауына көмектесіп жүр.
— Салтанат ханым, қазақ өнерін ұлықтап жүргеніңізді білеміз. Кәсіби мерекелеріңіз мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні құтты болсын. Мәдениетіміздің маңызы бөлшегі ұлттық киім екені анық. Қазіргі таңда ұлттық киімге, ұлттық нақышқа деген сұраныс қаншалықты өсті?
— Кейінгі жылдары ұлттық стильдегі киімдерге деген қызығушылық өте жоғары. Дегенмен де осыған дейін де бұл қызығушылық төмен болды деп айта алмаспыз. Өйткені қазақ халқы ғасырлар бойы өз дәстүрін, өз мәдениетін сақтап, оны тұтқа ретінде ұстап келеді. Сол негізімізден ажырап қалған жоқпыз. Айталық, бүгінде елімізде ұлттық киімінің төл мейрамы бар, ол – 18 наурыз күні «Ұлттық киім күні» мерекесі. Модернизация кезеңінде ұлттық киім заман талабына сай өзгерістерге ұшырап, жаңа интерпретацияға ие болды. Ұлттық стиль, ұлттық менталитет – мәдениетіміз бен тарихымыздың, салт-дәстүріміздің ажырамас бөлігі. Біздің ұлттық киіну мәдениетімізге президенттің өзінің бірнеше жылдан бері назар аударуы көп нәрсені өзгертті. Қазір халықтың ұлттық құндылықтарға, өнерге деген ұмтылысы арта түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек» деп айтқан сөзі көптің көкейіне қонды. Қасым-Жомарт Тоқаев қара киіну халқымыздың дүниетанымына қайшы екенін Атырауда өткен ұлттық құрылтайда айтты. Расында да біз әрқашан өз киімізбен, мәдениетімізбен мақтану арқылы өзіміздің рухымызды көтереміз. Көптеген Қазақстан азаматтарының ұлттық үлгіде киінуді дәстүрге айналдыра бастағаны қуантады. Ұлт өнерін ұлықтау бәріміздің адамгершілік және патриоттық парызымыз деп білемін.
— Ұлттық дресс-код деп жиі айтып жүрміз. Ұлттық дресс-код сән әлемінде қалай өрбиді?
— Иә, дресс‑код деп айтқаныңыздай, біз қазір ұлттық символдарды «ұлттық бренд» ретінде дамытуды қолға алып жатырмыз. Себебі ұлттық киім жай ғана көйлек-көншек емес, ол кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі, бұл біздің тарихымыз деп айтар едім. Қазақи дресс-кодымыз – баға жетпес байлығымыз деп үнемі айтып жүремін. Сондықтан біз жастардың бойына қай салада болмасын, үйде болсын, тәрбиеде болсын, білім алуда болсын, ұлттық мәдениетті, ұлттық тәрбиені сіңіру басты міндетіміз. Біз жастардың бойына осыны еге білуіміз керек. Ол болашақ үшін аса маңызды.
— Дизайнерлер, тігіншілер әрдайым ізденісте жүретіні рас. Бір эксклюзивті киімді, бұйымды, детальды ойластырып, тігуге қанша уақыт кетеді?
— Тігінші болсын, дизайнер болсын, жалпы, өнер адамдары шығармашыл тұлғалар ғой, өздерінің бір қиял әлемімен өмір сүретін адамдар қатарында. Жаңа туындылар осы қиялдан туындайды. Қазір мен Этнодизайнерлер қоғамының жетекшісі ретінде дәл осы саланың хас шебері болып кеттім айта алмаймын. Өйткені біз үнемі ізденісте жүреміз. Біздің қоғам әр саладағы өнер шеберлерін біріктіретін шығармашылық ұжым десек болады. Сондықтан көптеген сәнгерлермен бірлесіп ортақ жобаны бірге жасап шығамыз. Соның ішінде, өзіңіз айтып отырған этностильде жұмыс жасайтын дизайнерлер де бар. Әрине, оларға қояр талаптарымыз өте жоғары. Осы бағытта біз ұлттық киім үлгілерін дәріптейміз, оны ары қарай да жетілдіре беруге күш саламыз. Біз этностильде жұмыс жасайтын шеберлердің әлемдік деңгейдегі өнер шеберлерімен тәжірибе алмасуына барлық жағдайды жасаймыз. Сол ақылы этнодизайнды дамытып отырамыз. Сондықтан, біз мұны белгілі бір уақыт шеңберімен шектемейміз. Өнердің де, шебердің де даму кезеңі бұл ‑ үздіксіз даму процесі.
— Салтанат, бұл салаға қалай келдіңіз? Қолөнерге деген қызығушылық болды ма?
— Мен өзім бала кезден әдемі киінгім келетін. Айнаның алдында тұрып алып әртүрлі көйлек-көншекті өлшеп, әдемі болуды армандамаған көрмеген қыз баласы кемде кем шығар. Қолөнерге деген қызығушылығым бала кезден оянды. Әжем өнерге жақындау, қолының ісмерлігі бар еді. Соған еліктеп, мен де бастауыш сыныптан кейін еңбек сабақтарында әртүрлі заттарды жасауға талпынатынмын. Бірақ, мектеп бітірген соң басқа мамандық таңдап, оны бітірдім. Тұрмысқа шығып, дүниеге балаларымды әкелдім. Көбіне бала тәрбиесімен үйде болғандықтан, өнерге деген қызығушылығым қайта ояна бастады. Ерінбей қолөнерді қайтадан қолға алдым, әрі осы шеберлігімнің арқасында табыс таба бастадым. Бұл мені одан әрі ынталандырды. Сол кездері қолөнер түрлері бойынша әртүрлі шеберлік сабақтарына қатысып, өнерді кәсіби тұрғыда меңгеруге бет бұрдым. Соның бірі – киім тігу өнері. Одан әрі өзім де жеке студия ашып, өз өнерімді өзгелерге үйрете бастадым. Онымен қоса, көркем еңбек пәні бойынша жоғарғы оқу орнына түсіп, дипломымды алдым. Мектепте көркемөнер пәнінен сабақ бердім. Ол жұмыстарым әлі де жалғасып жатыр.
— Ою-өрнекті жиі қолданамыз ғой, оюды ұлттық киімдерге, тұрмыстағы заттарға қалай салу керек, оның бір ережесі бар ма?
— Әрине, біздің өнерде әртүрлі заттарға салынатын оюлардың өз орны бар. Әсіресе, бұл салада ұлттық киімдерге қойылатын талаптар өте жоғары болуға тиіс. Ол жерде өнердегі сауаттылық маңызды роль ойнайды. Кей жағдайда бізде бас киімдерге ғана салынатын ою‑өрнектерді балаққа салып жіберу кездесіп қалады. Кей кездері көрпенің оюын киімге жапсырып жібереді. Бұл мәселе «өзім білемдіктен» емес, ою өнерінен сауаттың болмауынан туындайды. Мұндай қателіктер ұлттық өнердің заңдылықтарын бұзып, оны эклектикалық күйге түсіруі мүмкін. Ал, өнер қаншама жерден арман-қиялдың жемісі болғанымен, оның ұлтқа тән канондары болмаса – оны дүниетанымдық деңгейде қабылдау мүмкін болмай қалады. Біз, сол себептен, бұл мәселені бей-берекетсіздік жетегінде жібермей, шеберлерге тәжірибе алмасу арқылы бағыт-бағдар беріп отырамыз. Сонымен бірге біз өз көзіміз көрген әжелердің өрнектерін сақтауға, заманауи технологияны қолдана отырып түрлендіруге, ерекше сән беруге тырысамыз. Мысалы, әжелер заманында көптеген қазіргі материалдар болмаған, техника да жоқ еді. Қазір сол ескі үлгілерді де жаңа технологияның арқасында жайнатып жіберуге болады. Демек, ұлттық дресс‑кодты сақтай отырып, жаңа заман үлгілерін жасау – ұлт өнерінің дамып жатқандығының белгісі.
— Ұлттық киім-кешек өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау бар ма?
— Ұлтық киім өндіру де идеология ғой. Қазір ұлттық киім үлгілерін өндірістік деңгейде шығаруға мемлекет тарапынан қолдау көп. Арнайы ережелерге сәйкес құжаттар тапсырып, гранттарға қол жеткізуге және қайтарымсыз несиелерді алуға мүмкіндік мол. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиені де алуға болады. Жалпы алғанда мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдауды дұрыс пайдалана білсек, киім-кешек өндірісін өркендетуге әбден болады. Еңбек еткен адамға біздің елде барлық жағдай жасалған, тек еріншектікті қою керек.
— Қандай жетістіктеріңіз бар? Алдағы күнге қандай жоспарларыңыз бар?
— Жетістіктерім дейтін болсам, осы жасқа дейін Қазақстан этнодизайнерлер Одағының президенті болып сайландым, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атандым. Құрметті дизайнер, ұлттық дизайн академиясының академигі, ҚР мәдениет саласының үздігі сияқты дәрежелерге қол жеткіздім. Алдағы жоспар туралы айтсам, басты мақсатым — этностиль киім үлгілерін одан әрі дамыту. Сонымен бірге осы салада оқу бітіріп, еңбек етіп жатқан жастарға мемлекеттік қолдауды арттыру тетіктерін жасақтап, өнердің бұқаралық сипатқа ие болуына жұмыс жасау да маңызды деп білемін. Бізде өнер адамдарына қолдау көрсету жобалары бар. Мысалы, қоғамдық бірлестігімізде «Ақ кербез» сән орталығы жұмыс істейді. Ол жерде тәжірибелі шебер Мира Әбдімәлікова нәтижелі еңбек етуде. Біз этнокиімдердің сауатты, сапалы болуы үшін ізденуді тоқтатпаймыз, өз көрген-білгендерімізбен бөлісу арқылы ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттай беретін боламыз.
— Әңгімеңізге рақмет!
Меруерт Төленова