Иран үкіметі елдегі 14-ші президенттік сайлауды 28 маусымда өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Иранның Ирна агенттігі хабарлады.
Сайлау күні бүгінде президент қызметін атқарып жатқан Иранның бірінші вице-президенті Мұхаммад Мохбер, сот жүйесінің басшысы Голам Хосейн Мохсени-Эджеи, парламент спикері Мохаммад Багер Галибаф, сонымен қатар президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі вице-президенті Мохаммад Дехган мен Иранның Конституциялық кеңесі мен ішкі істер министрлігі өкілдері қатысқан отырыста белгілі болды, — делінген хабарламада.
Иран президенті Ибрахим Раиси мен онымен жанында болған команданың кейбір мүшелері, соның ішінде сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиян дүйсенбі күні таңертең Тегераннан шамамен 670 шақырым жердегі Варзакан ауданы маңында құлаған тікұшақтың сынықтары табылғаннан кейін қайтыс болды.
Иран Конституциясының 131-бабына сәйкес, егер президент өз міндетін атқара алмаса, атқарушы билік уақытша бірінші вице-президенттің қолына өтеді, ол 50 күн ішінде жаңа президентті сайлауды ұйымдастыруға міндетті.
Кездесу барысында қатысушылар сонымен қатар атқарушы делегацияларды жасақтау, кандидаттарды тіркеу және сайлау науқандарын бастауды қамтитын сайлау процесінің кестесін жасады. Кесте бойынша, тіркеу 30 мамырдан 3 маусымға дейін жүргізіледі, содан кейін кандидаттар 12-27 маусым аралығында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тиіс, — делінген хабарламада.
ИРНА мәліметінше, конституциялық кеңес кестені бекітті.
Еске салайық, 19 мамырда Иран президенті Ибрахим Раисидің тікұшағы әуе апаты кезінде толығымен өртеніп кетті, барлық жолаушы қаза болды.
Тікұшақ бортында жоғарғы көшбасшының өкілі және Тебриз жұма намазының имамы, сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиян, Шығыс Әзербайжан губернаторы Малек Рахмати, президенттік қауіпсіздік бөлімшесінің қолбасшысы генерал Сейед Махди Мусави және тікұшақтың басқа да экипаж мүшелері болды.