Басты бетЖаңалықтарВайнер Мейіржан...

Вайнер Мейіржан Төребаев үйіне жіберілді: ҚАЖД түсіндірді

Павлодар облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталушы Мейіржан Төребаевтың неге үйіне жіберілгенін түсіндірді.

Бұл туралы Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, №44 мекемеде жазасын өтеп жатқан Мейіржан Төребаевқа анасының ауруына байланысты қысқа мерзімді демалыс берілді.

Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару кодексінің 113 бабы негізінде 2024 жылы 17 мамырда Төребаев Мейіржан Мылтықбайұлына мекемеден тыс жерлерге шығуға, атап айтқанда, 2024 жылғы 17 мамырдан бастап 2024 жылғы 27 мамырға дейін Алматыда жол уақытын қоса есептегенде, 11 күнтізбелік күнге анасының ауруына байланысты қысқа мерзімді демалыс берілді, — делінген хабарламада.

Еске салайық, былтыр 23 маусымда Алмалы аудандық соты танымал вайнерлерге Mudarabah Capital қаржы пирамидасы ісі бойынша үкім шығарған болатын. Айыпталушылар тарапында барлығы 12 адам болған.

Төребаев пен Шерниязов қылмыстық кодекстің 217-бабы «Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару» бойынша кінәлі деп танылды.

Сонымен қатар Алмалы ауданының соты вайнер Мейіржан Төребаевқа қауіпсіздігі ең төмен колонияда бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Мейірхан Шерниязовқа да дәл осындай жаза берілді. Қалған қатысушыларға сегіз жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар сот жәбірленушілердің 1 миллиард 861 миллион 752 мың 441 теңгеден аса сомадағы талабын қанағаттандырды.