Атырауда тасқын судың қаупі төнген жағдайда тұрғындарды орналастыратын 94 эвакуация пункті дайын тұр. Бұл туралы Атырау облысы жедел штабы хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, эвакуация пункттерінде 10 250 орын бар.
Эвакуация пункттері тасқын қаупі төнген жағдайда қала тұрғындарын қауіпсіз аумақтарға көшіруге дайындалды. Қазір эвакуация пункттерінің бәріне кереуеттер жеткізіліп, төсек-орын жабдығы қойылды. Су тасқынына байланысты төтенше жағдай туындаса, қала аумағында белгіленген эвакуация пункттері тұрғындарды кедергісіз қабылдай алады, — делінген хабарламада.
Бүгін, 20 мамырда Жайық өзеніндегі су Атырау қаласының тұсында +3 сантиметрге ұлғайған. Мұнайлы шаһарда қауіпті шек – 550 сантиметр. Қазір су деңгейі қауіпті шектен 23 сантиметрге асып тұр.
Жайық суы Атырау қаласының маңындағы Жаңаталап ауылында 416, ал Еркінқала елді мекенінде 374 сантиметр болды.