Mass Alert жер сілкінісін ескерту жүйесі 1 маусымға дейін Алматыда пилоттық режимде іске қосылады. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев есеп берді. Ол сейсмикалық деңгейі 7-9 балл болатын алаңдарда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу кезінде сейсмикалық оқшаулаудың міндетті жүйесін енгізу туралы баяндады. Нормативтік-техникалық құжаттарға тиісті түзетулер дайындалды.
Қанат Бозымбаев халықаралық тәжірибені, оның ішінде жапон тәжірибесін ескере отырып, сейсмикалық қауіпті өңірлердегі нысандарды жобалау кезінде нормаларды қатаңдату жұмыстарын жүргізуді, сонымен қатар аккредиттелген зертханаларды қолдана отырып, құрылыс нормаларының сәйкестігін қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Төтенше жағдай туындаған сәтте азаматтарды уақтылы хабардар ету мақсатында Mass Alert жүйесі биылғы 1 маусымға дейін пилоттық режимде енгізіледі.
Вице-премьер халықты шұғыл хабардар ету жүйесін іске қосу процесін жеделдетуді тапсырды. Аталған жүйе еліміздің жер сілкінісі қаупі бар барлық өңірлерінде болуы және үздіксіз жұмыс істеуі тиіс.
Вице-премьер ТЖМ-ге маусымның бірінші онкүндігінде «Жер» республикалық оқу-жаттығуы барысында алгоритмді сынақтан өткізуді тапсырды.