Биылғы оқу жылын 4 миллионға жуық оқушы аяқтайды. Ал 186 мың түлек мектеппен қоштасып, жаңа өмірге қадам басады.
Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, шамамен 3,9 миллион оқушы 2023-2024 оқу жылын бітірсе, оның ішінде 186 мың түлек мектеппен қоштасады. Биыл ұзақтығы 34 апта болған оқу жылы 25 мамырда аяқталады.
24 мамыр күні еліміздің барлық мектебінде 1-10-класс оқушылары үшін «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Мұнда сынып жетекшілері білім алушылармен бірге оқу жылын қорытындылайды.
186 мың 11-класты бітіруші үшін соңғы қоңырау 25 мамыр күні «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында өтеді.
Сонымен қатар емтихандарды өткізу уақыты белгілі болды. 5-8, 10-класс оқушылары үшін емтихандар 27 мамырда басталады. 9-класс оқушыларының емтихандары 29 мамырдан 10 маусымға дейін жалғасады. 11-кластар үшін қорытынды емтихандар 28 мамыр-11 маусым аралығына жоспарланған. Аттестаттарды салтанатты тапсыру 12-15 маусым аралығында өтеді. Бұл ретте айта кету керек, төтенше жағдай жарияланған өңірлерде оқушылар аралық және қорытынды емтихандардан босатылды. Олар: Ақтөбе облысында тоғыз мектеп, Атырау облысында үш мектеп және Солтүстік Қазақстан облысында бес мектеп.
156 мың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілер үшін қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жүргізіледі, ал диплом тапсыру рәсімі 28 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді.