Басты бетЖаңалықтарТүркістан облысында...

Түркістан облысында заңсыз аң аулаған шетел азаматтары ұсталды

Түркістан облысында заңсыз аң аулаған шетел азаматтары ұсталды. Мемлекетке келтірілген шығынның көлемі 1 миллиард теңгеден асады.

Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Күдіктілерден 382 ақбөкен мүйізі, 119 томаға, 20-дан астам құс ұстауға арналған тұзақ, жеті рация, аңшылық және пневматикалық мылтық, оптикалық көру құралы, жарықтандырғыш, 15 келіге жуық арқар еті және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Мемлекетке келтірілген шығынның алдын ала есептелген көлемі 1 миллиард теңгеден асады.

Қазір браконьерлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды.

Тәртіп сақшылары Созақ ауданы мен Шымкент қаласы аумағында Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен құстарды заңсыз аулау, сонымен қатар дериваттарды сақтау және сатуға күдікті адамдар тобының қылмыстық әрекетін анықтап, жолын кесті. Жалпы жеті адам ұсталды. Полицияға жеткізілгендердің төртеуі Қазақстан азаматы, ал қалған үшеуі елімізде тұруға ықтиярхаты бар Сирия азаматтары, — делінген хабарламада.