Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыз азаматтарды су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда тұрғын үй салуға және инфрақұрылымды қалпына келтіруге қатысуға шақырады.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы мақсатта еңбек министрлігі «Бірге салайық!» атты жұмыспен қамтудың жаңа жобасын қолға алды.
Адам ресурстарын дамыту орталығы «Бірге салайық!» жобасы аясында азаматтарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету үшін арнайы платформа әзірледі, — делінген хабарламада.
Бұл электронды еңбек биржасындағы жаңа модуль. Мұнда өңірлерге тұрғын үй қорын және инфрақұрылымын қалпына келтіруге көмектескісі келетін кез келген адам бос жұмыс орындарын қарап, кез келгенін таңдап, ол бойынша сұхбаттан өте алады. Осы уақытқа дейін платформаға 42 бос жұмыс орны жарияланған.
Бұл жобаның маңыздылығы – біз жұмыс тапқысы келетін және су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге атсалысқысы келетіндердің барлығын жедел жұмыспен қамту үшін цифрлық ортаны қамтамасыз етуімізде, — деді министр Светлана Жақыпова.
Министрдің айтуынша, қазір ведомство жұмыс берушілер мен бос жұмыс орындары туралы мәліметтер базасын кеңейтіп жатыр.
Өңірлер үшін білікті мамандармен қатар, арнайы білімі жоқ еңбек күшінің қатысуы да маңызды, — деді министр.