Атырау облысындағы Теңіз мұнай-газ кен орнындағы Келешек өндірісті кеңейту мен Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобалары (ККЖ-ҰЕҚБЖ) тікелей мәреге шығып жатыр. Компания Теңіз мұнай кен орнының ҰЕҚБЖ нысандарын қауіпсіз пайдалануға кірісті. Бұл туралы «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) ресми сайтында хабарлады. ТШО өндірісін Келешек кеңейту жобасының соңғы кезеңі 2025 жылдың бірінші жартысына жоспарланған.
ККЖ-ҰЕҚБЖ жобаларын жүзеге асыру және олардың аясында үшінші буын зауытын іске қосу жылына 38-39 миллион тоннаға дейін мұнай өндіруді ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жақында Baribar.kz сайтына мұнай-газ және құрылыс секторында көп жыл тәжірибесі бар сарапшы, құрылыс, механикалық, электрлік, бақылау-өлшеу аспаптары және басқа да бірқатар жұмыста ТШО-ның негізгі мердігері саналатын компанияның кәсібін дамыту жөніндегі директоры Рүстем Медетов сұхбат берді.
Рүстем Медетов Қазақстандағы мұнай-газ және құрылыс секторларындағы жұмыстың ерекшеліктері, жүзеге асырылып жатқан жобаларға, жасанды интеллект пен миллиард доллардан астам келісімшарттарға қосқан үлесі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
— Кәсіби жолыңыз қалай басталғанын айтып беріңізші?
— Біздің компания 2000 жылы құрылды. Құрылтайшылары – америкалық «Бектел» компаниясы және түріктің «ЭНКА» компаниясы. Олар – америкалық және түрік құрылыс индустриясының көшбасшылары. Бұл компаниялардың 200 жылға жуық тәжірибесі бар. Олар жалпы 27 000-нан астам жобаны іске асырған.
2000 жылы компания енді құрылғанда ұйымдық құрылымында америкалықтар ең жоғары лауазымдағы қызметті атқарды және басқарушы құрамның тек 10%-і болды. Қалған 90%-і, соның ішінде барлық орта басшылық құрамы түрік мамандары болды.
2000 жылдардың басында ТШО жобаларындағы барлық құжаттама ағылшын тілінде жүргізілді. Компания тиімді жұмыс істеу үшін тек ағылшын тілін емес, түрік тілдерін де жақсы меңгерген кадрлар қажет етті. Осыны ескеріп, Босфор университеті, Стамбул техникалық, Таяу Шығыс техникалық және тағы басқа беделді түрік жоғары оқу орындарының студенттері арасында іріктеу жариялады. Мен Түркиядағы Босфор университетінің соңғы курсында оқып, саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар бакалавры дәрежесін алуға дайындалып жүргенімде үкіметпен байланыс бөліміне жұмысқа шақырды.
— Бұл компания қандай негізгі жобаларды іске асырды? Олардың қайсының орны ерекше және неге?
– Біз үшін маңыздысы – ең әуелі Теңіз кен орнын кеңейту жобалары. Оның аясында біздің компания негізгі нысандар мен зауыттардың инфрақұрылымын салды. Мұндай істердің алғашқысы «Бесінші жіп» ауқымды жобасы болды. Оның шеңберінде өнімділігі жыл сайын 2,5 миллион тонна болатын технология бөлімінің құрылысы жүзеге асырылды.
ККЖ-ҰЕҚБЖ іске асырудың арқасында мұнай өндіру көлемі 1,5 есеге – жылына 38-39 миллион тоннаға дейін ұлғаюға тиіс. Бұл жобаларды біздің компаниямыз үшін орасан зор деңгейдегі табыстың жарқын мысалы деп санауға болады – біздің олармен жұмыс шеңберінде жасаған келісімшарттардың жалпы сомасы 1,1 миллиард доллардан асты!
Дегенмен менің ең ыстық естеліктерім – 2003-2008 жылдар аралығында жүзеге асырылған Екінші буын зауытын салу және ТШО Шикі газын айдау жобасы. Дәл осы кезеңде менің мансабым өрледі, қарапайым қызметкерден бизнесті басқаруға жауапты жоба басшысының орынбасарына көтерілдім. Сонымен қатар өзімнің жеке қорыма халықаралық деңгейдегі құрылыс келісімшарттарын басқарудың кәсіби тәжірибесін алдым.
Сонымен қатар Теңізде ТШО-ның екінші буыны зауытының құрылыс жобасын іске асыру кезінде жобаның шығындарын, оның ішінде жұмыс күшін, жабдықтар мен құрылыс материалдарын есептеуді цифрландыруды енгізуге қатыстым. Сол кезде бұл процестерді жаңарту үшін Microsoft Access және Primavera Projects бағдарлама жасақтамасы қолданылды.
Сөйтіп жаңа технологияларға және оларды экономиканың нақты секторына енгізу мүмкіндіктерін зерттеуге құштарлығым содан бері бірнеше есе өсті. Қазіргі уақытта мен АҚШ-та тағылымдамадан өтіп жатырмын, соның ішінде бизнесте жасанды интеллектіні қолданудың әртүрлі тәсілін зерттеп жатырмын.
— Сіздің функционал міндетіңіз қандай?
— Біріншіден, мұнай саласындағы қымбат халықаралық жобаларды жүзеге асыру кезінде тендерлік үдерісті үйлестіру. Мен тапсырыс берушінің талабына сай тендер құжаттарын дайындаймын, шарттар бойынша келісемін, қосалқы мердігерлік ұйымдармен келісімшарт жасасамын, келісішарттарды реттеп, қадағалап, мердігерлік жұмысты бақылап отырамын.
Сонымен мемлекеттік және өзге де уәкілетті органдармен байланыс орнату, рұқсат беру құжаттамасын алу және тағы басқа шаруаларға жауаптымын.
— Сіз қызметіңіздегі еңбегіңіз үшін Қазақстанның Мұнай сервистік компаниялары одағының «Мұнайгаз сервисі дамытудағы үлесі үшін» деген салалық медаліне иелендіңіз. Сіз үшін бұл марапат қаншалық маңызды?
— Мен бұл марапатты жеке жетістігім деп қана емес, біздің компания ұжымының үлесіне жоғары баға деп қабылдаймын. Бұл елге және осы салаға одан да көбірек пайдалы болуға талпындырады.
— Айтпақшы, былтыр ТШО компаниясы Қазақстандағы табысты қызметтің 30 жылдығын атап өтті. Компания 1993 жылмен салыстырғанда мұнайды 29 есе көп өндіре бастаған, 2000 жылдан бастап шығарындылар қарқындылығының 75%-ке төмендеткен. Сіздің қызметіңіз және іске асырған жобаларыңыз қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қаншалық көңіл бөлді? Сіз осындай мәселелермен өзіңіз айналыстыңыз ба? Жалпы осы бағытта сіздің ойыңыз қандай?
— Жеке өзім мұндай мәселелермен айналысқан жоқпын. Бұл саладағы жұмысты экологтар үйлестірді. Дегенмен шикі газды айдау арқылы өндірісті әжептәуір деңгейде ұлғайтқанымызға назар аудартқым келеді. Ілеспе газ құрамында көптеген зиян зат, соның ішінде күкірт бар. Біздің компания шикі газ айдау қондырғысын жасамас бұрын ілеспе газ жай ғана алауларға жағылып, 9 миллион тонна күкірт таулары ашық ауада жатты. Осылай, біз бір уақытта экологиялық проблеманы жоюға және өндірісті екі еседен астам арттыруға көмектестік.
Кәсіптің экологиялық және әлеуметтік жауапкершілігі – ТШО-ның да, біздің өнеркәсіптің де негізгі басымдықтарының бірі. Мәселен, қазіргі уақытта ел үшін қиын кезеңде ТШО компаниясы су тасқынымен күреске 2 миллиард теңге бөлді. Өз кезегінде біз қорғаныс құрылыстары үшін арнайы техника мен жұмыс күшін бөлдік, оған қоса Құлсары қаласының эвакуацияланған тұрғындарына паналау үшін жатақханаларын бердік.
— Тағы қандай кейстерді мансап жолыңыздағы ең маңыздылардың бірі деп атар едіңіз?
— Әрине, алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін (KPI) айтқан жөн. Бұл – шын мәнінде, Қазақстандағы Теңіз кен орнынан шикізатты қайта өңдеу жөніндегі алғашқы жоба. Оның негізгі міндеті — полипропилен өндірісі. Мен бұл жобада КРІ жобасының келісімшарттарды әкімшілендіру және құжаттаманы бақылау департаментінің директоры, содан кейін «Samruk — Kazyna Ondeu» ЖШС мұнай-химия саласының активтерін басқару департаментінің бас менеджері («Самұрық-Қазына» АҚ-ның 100% еншілес ұйымы) лауазымын атқардым.
Бұдан қоса мен ТШО-мен Теңіз және Қарабатан зауыты арасындағы газ сепарациялық қондырғы мен құбыр салуда өзара іс-қимыл жасауға, Теңізден Қарабатанға шикізат газын темір жол арқылы жеткізуге жауапты болдым. Кейін мен Қарабатандағы «Ұлттық Индустриялық Мұнай-химия Технопаркі» АЭА мұнай-химия кешені мен инфрақұрылымын жобалау және салу процесін үйлестірумен айналыстым.
Ал одан сәл бұрын, «Capital Partners Development» ЖШС-де жұмыс істегенімде Алматыдағы Алматы Қаржы Орталығы, «Esentai Park» көп функционалды кешені және «Esentai Mall» сауда орталығы, «Haileybury» халықаралық мектебі, Медеу-Шымбұлақ тау шаңғысы курорты сияқты маңызды нысандарды құруға қатыстым. Мұндағы менің функционалды міндеттерімнің қатарына рұқсат құжаттамасын алу, жоғарыда аталған нысандарды жобалау, құрылыс және пайдалануға беру процестерін басқару, оларды қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін банктермен байланыс орнату кірді.
Әрине, менің «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС-нің бас директоры ретіндегі тәжірибемді айту керек, онда ЖШС қызметін жалпы басқаруға, Ақтау қаласының Халықаралық Теңіз Портын солтүстік кеңейту шеңберінде астық терминалы мен теңіз контейнерлік терминалын салуға жауапты болдым.
– Сіздің Массачусетс штатының Кембридж қаласындағы америкалық бизнес мектебінде іскерлік әкімшілендіру магистрі және бизнес-аналитика ғылымының магистрі дәрежеңіз бар. Сіз магистрлік бағдарламалар аясында нақты не оқыдыңыз және бұл жасанды интеллектімен байланысты ма? Болашақта өз біліміңізді қалай қолданғыңыз келеді?
— Мен деректерді талдаудың заманауи құралдарын қолдануды, үлкен деректерді талдауды, жасанды интеллект және машиналық оқыту сияқты технологияларды қоса алғанда, бизнес мәселелерін шешу үшін оңтайландыру мүмкіндіктерін зерттедім. Оқуды аяқтағаннан кейін бизнес шешімдері мен стратегияларын оңтайландыру үшін деректерді тиімді талдауға қатысты тәжірибе жинадым.
Магистрлік бағдарламаларды мен дәйекті түрде бітірдім. Ең әуелі бизнесті басқаруды, содан кейін бизнес-аналитиканы оқыдым. Осы пәндер арасындағы тығыз байланыс маған теориялық оқу мерзімін қысқартуға және алған білімімді іс жүзінде қолдануға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік берді.
Мен АҚШ-та өтіп жатқан тағылымдаманы аяқтағаннан кейін жинаған білімімді Қазақстанда да, шетелде де үлкен деректерді талдауды қажет ететін ірі жобалармен жұмыс істегенде қолданғым келеді.
Сонымен қатар нақты өлшенетін мақсаттарға қол жеткізгім келеді. Мысалы, пайда көлемін ұлғайтып, шығындарды азайтқым келеді.
Болашақта мамандардың жас буынымен тәжірибе алмасқым келеді. Мүмкін мен бизнес мансабымнан кейін оқытумен айналысатын шығармын.