Астанада GPT картиналарының фотокөрмесі өтті

Астанада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр.

Бұл туралы Астана әкімдігі хабарлады.

Бұл апта «Мөлдір бұлақ» деп аталады, оның барысында су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады. Экоакция аясында GPT нейрожелілік чатының көмегімен жасалған суреттердің фотокөрмесі өтті.

Қонақтар мен қала тұрғындарының назарына әлемді жасанды интеллект көзімен бейнелейтін 50 ерекше сурет ұсынылды. Келушілер экологияға жауапсыз көзқарасты көрсететін және қоршаған ортаға қамқорлық жасауға шақыратын суреттерді көрді.

GPT чатымен жасалған картиналардың әрқайсысы қазіргі жағдайды және болашақты бейнелейді. Суреттер әртүрлі стильде жасалған. Жасанды интеллект болашақты қалай бейнелейтіні келушілерді ерекше қызықтырды.

Іс-шара аясында белгілі экобелсенді Шасалим Шагалимов елорда тұрғындары үшін табиғатқа жанашырлық тақырыбында дәріс оқыды.

Біздің еліміз үшін экология өте маңызды мәселе. Бұл саладағы проблемалардың оң шешімін қаладағы коммуналдық қызметтер ғана емес, тұрғындар да қолдауы тиіс. Көлік терезесінен лақтырылған немесе арнайы жәшікке салынбаған кішкене қоқыстың өзі экологияға, жолдарға, көшелерге, жалпы қаламыздың сырт келбетіне теріс әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Қоршаған ортаға, табиғатқа құрметпен қарауға, жақсы экология ұлт денсаулығына тікелей әсер ететінін есте сақтауға шақырамын, — деді Шасалим Шагалимов.

Еске салайық, ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық желілері, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар жасыл желектерді күтіп-ұстау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарлар орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою және тағы басқа жұмыстар жүргізіліп жатыр