Әлия Молдағұлова туралы фильм түсіріледі

Microcosm Pictures кинокомпаниясы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Әлия» толықметражды көркем фильмін түсіреді. Алматыда «Әлия» көркем фильміне байланысты баспасөз конференциясы өтті.
Baribar.kz тілшісі баспасөз конференциясына қатысып, шығармашылық топпен сөйлесіп қайтты.

«Әлия» фильмінің режиссеры — Ален Ниязбеков. Ол көпшілікке «Каникулы в Таиланде», «Моя большая казахская семья», «Агашки по вызову», «Алматы, я люблю тебя» фильмдері арқылы танымал. «Әлия» картинасының продюсерлері фильмді жас маман түсіру керек деген шешім қабылдаған.

Әлия Молдағұлова – феномен. Ол жасөспірім екеніне қарамай-ақ соғысқа аттанған. Әр адамның мықты тұсы болады. Әлия Молдағұлованың мықты тұсы – мергендігі. Ол өмірде де, майдан даласында да өз мақсатын анық көрген. Фильм түсіру осы үшін де маңызды,  – дейді режиссер.

Ален Ниязбеков, режиссер.
Ален Ниязбеков, режиссер. Фото. Қазақстан баспасөз клубы

«Әлия» фильмінің сценариін мәскеулік журналист, тележүргізуші әрі актриса Алена Кулешова жазған. Ол сценариді 3 жыл жазған. Продюсерлер «Әлия» көркем фильмінің сценариін оқығанда бұл фильмді 2024 жылы түсіру керек деген шешім қабылдаған.

Бұл оқиға Алена Кулешованы баурап алғаны соншалық өмірінің үш жылын фильм сценариін жазуға арнады. Ол шындықты іздеді. Әлия Молдағұлованы жақсы білетін адамдарды тауып, сұхбаттасты. Немере туысқанымен де сөйлесті, – дейді шығармашылық топ өкілі, журналист Алексей Гостев.

Алексей Гостев, журналист.
Алексей Гостев, журналист. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Әлия» толықметражды көркем фильмі 2025 жылғы мамыр айында жарыққа шығады. 2024 жылғы 9 мамырда жалпыұлттық кастиң басталады. Шығармашылық топ басты рөлде ойнайтын актрисаны бүкіл Қазақстан бойынша іздейді.