Су тасқыны салдарынан эвакуацияланған 50 мыңға жуық адам үйіне оралды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
8 189 тұрғын үй мен 2 977 аула аумағынан су бұрылып, сорылды. 13,9 миллион текше метр еріген су сорылып, 7,7 миллионнан астам қап пен 1,5 миллион тонна инертті материал төселд, — деді департамент өкілі Асқар Шәріп.
Атырау облысында Жайық өзенінің су деңгейіне мониториң жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Атырауда шлагбаумдар орнатылып жатыр.
Жайық өзенінің жағалау сызығын шайып кетудің алдын алу үшін мұнай-газ компаниясының күштері тартылып, жағалау бойына ұзындығы 600 метрлік теңіз тосқауыл құралдары орнатылды, — деді Асқар Шәріп.
Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында жауын-шашын салдарынан Бұқтырма өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, соның салдарынан Алтай ауданы Зубовск ауылында 24 аула аумағын су басқан.
Бұқтырма өзеніндегі су деңгейі төмендеп, жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді спикер.
Апаттан құтқару және су тасқынын жою жұмыстарына барлығы 14 мыңнан астам адам мен 1 523 техника, 244 су сору құралы, 79 жүзу құралы, төрт ұшақ жұмылдырылған.