Басты бетЖаңалықтарПарламент депутаты...

Парламент депутаты әр апта сайын тазалық күнін өткізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әр бейсенбіні — «Таза бейсенбі» атты халықтық тазалық күніне айналдыруға ұсынды.

Жолда көп жүремін. Кейбір пысықайлар көлікте келе жатып терезесінен бос бөтелкелерін, қоқыс қалдықтарын, темекі тұқылын ешбір алаңдамай лақтыра салады. Қоғамда әлі де азаматтарымыздың қалдықтарды арнайы қоқыс тастайтын орындарға салу мәдениеті қалыптаспай отырғаны жасырын емес. Мәселен, пластик, әйнек және полиэтилен пакеттердің шіруі 1 000 жылға дейін созылады. Мұның Жер анамызға, адамзат баласына, келер ұрпаққа тигізер залалы зор, — деді Дәулет Мұқаев үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.

Бұл тұрғыда ол дамыған елдердегідей тазалық мәдениетін қалыптастыратын шараларды қолға алу керек екенін айтты.

Оның шешімі – жалпы жұртты қоршаған ортаны тазалауға жаппай жұмылдыру, күнделікті тазалықты өмір салтымызға айналдыру қажет. Аптаның тағы бір күнін, нақтылап айтсақ, әр бейсенбіні — «Таза бейсенбі» атты шынайы халықтық шараға айналдырайық. Адамдарды мәжбүрлеп емес, өз ықыласымен тұрған жеріне деген жанашырлықпен атсалысуына жағдай жасайық. Біз сол кезде ғана күн-түн демей, күннің ыстық-суығына қарамай көшені тазалап жүрген ата-апаларымыздың еңбегін бағалауды үйренеміз. Ол үшін әлеуметтік желідегі миллиондаған оқырманы бар танымал тұлғаларды, қоғам белсенділерін, ел тұрғындарын осы ортақ іске бірге атсалысуға шақырамын, — деді депутат.