Басты бетЖаңалықтарАлматыда жаңа...

Алматыда жаңа жағалау пайда болады

Алматының Наурызбай ауданында «Алматы — біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында 7,7 шақырымға созылып жатқан «Қарғалы» өзенінің жағалауы қайта жаңартылып жатыр.

Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, акцияның үшінші аптасы «Біздің қала — біздің таулар, өзендер мен көлдер» ұраны аясында өтіп жатыр. Осы уақыт ішінде жағалаулар мен су айдындары, саябақтар, скверлер мен тау бөктері тазартылады.

Қарғалы жобасының мақсаты — бұл аймақтың экожүйесін сақтай отырып, қала тұрғындарының демалуы үшін неғұрлым ыңғайлы әрі тартымды орта жасау.

Мұнда өзен арнасын тазартып, серуендеу аймағын құру жоспарланған. 3 мыңға жуық ағаш отырғызылады. Сонымен қатар көпжылдық гүлдер мен шөптердің гүлзары, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар мен бұталар егіледі. Жалпы ұзындығы 2,7 шақырымға жететін суармалы су құбыры тартылады, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар жағалауға ұзындығы 4,3 шақырым болатын 196 жарық бағанасы орнатылады. Келушілердің жайлылығы үшін 135 орындық пен қоқыс жәшігіне қою жоспарда.

Басты мақсат — балалар мен спорт алаңдары, жаяу жүру жолдары мен өзен жағасында демалу мүмкіндігі бар жаңа қоғамдық кеңістік құру. Әткеншек, сырғанақ және өрмелеу сияқты ашық ойын элементтері балалардың моторикасы мен физикалық белсенділігін арттырады. Балаларға арналған құмсалғыштар мен су аймақтарын, сонымен бірге ата-аналарға арналған орындықтары мен үстелдері бар демалыс аймағын құру жоспарда. Ерекше балалар үшін де ойын алаңдарында инклюзивті элементтер қойылатын болады, — делінген хабарламада.

Көпір жолын қайта құрып, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге қауіпсіздік пен қолжетімділік қамтамасыз етілмек. Тротуарлар мен велосипед жолдарын орнату қарастырылған.

Бұл жоба «Қарғалы» өзенінің жағалауын қала шетіндегі бірегей табиғи саябаққа айналдырады. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың қараша айына дейін аяқтау жоспарда бар. «Алматы — біздің ортақ үйіміз» науқаны туралы барлық ақпарат аlmaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналастырылған. Сонымен қатар веб-сайтқа қала бойынша баннерлерде, плакаттарда арнайы орналастырылған QR-код арқылы да кіруге болады, — делінген хабарламада.