Басты бетЖаңалықтарАлматыда көшелердің...

Алматыда көшелердің бірінде көлік қозғалысы шектеледі

Алматыда жылу желілерін жөндеу кезінде Батыс Желтоқсан көшесінде көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, 24 сәуірден 31 мамырға дейін М.Ганди көшесінен Тимирязев көшесіне дейінгі аралықтағы Батыс Желтоқсан көшесінде көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Көшеде магистральды құбыр ауыстырылып, жол төсемі орташа жөндеуден өтеді.

32 жылдан астам пайдаланылып келе жатқан құбыр зақымдануына байланысты жаңартуды қажет етеді. Кейінгі бес жылда мұнда 17 зақым тіркелді, — делінген хабарламада.

Күн сайын сағат 07.00–ден 22.00–ге дейін Батыс Желтоқсан көшесіндегі қозғалыс солтүстікке қарай біржақты болады. Күн сайын 22.00–ден 07.00–ге дейін және демалыс күндері қозғалыс екі жаққа да жабылады.

Ганди көшесінен оңтүстік бағыттағы әл-Фараби даңғылына шығатын жол Қозыбаев көшесі бойынша ұйымдастырылады.

2 мамырдан бастап әл-Фарабиден Тимирязевке дейінгі Батыс Желтоқсан көшесінде орташа жөндеу жұмыстары басталады, тротуарлар, арық желісі және бүлінген жиектер жөнделеді. Полимерді қолдана отырып, құбыр мен асфальтбетон төселеді. 1 маусымға дейін қозғалыс толық қалпына келтіріледі, — делінеді әкімдіктің хабарламасында.