Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 100 АЕК-ке қосымша тағы 150 АЕК өтемақы төленеді. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Ол зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу тәртібіне түзетулер бекітілгенін атап өтті. Премьер-министр тиісті қаулыға қой қойған.
Қазіргі уақытта 11 мыңға жуық отбасы 100 АЕК мөлшерінде төлем алды. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Оған қосымша тағы 150 АЕК-ке дейін (553 800 теңге) төлейтін боламыз. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезектегі қажет заттарды сатып ала алады, — деді Олжас Бектенов үкімет отырысында.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің шығындары да өтеледі. Үкімет басшысы Қазақстан азаматтарын сабырлық сақтауға шақырды.
Ешкім де көмексіз қалмайды. Бұл мәселелердің барлығы президенттің және менің жеке бақылауымда. Сондықтан біз осы сынақтан аброймен өтеміз деп білемін, — деді ол.
Оның айтуынша, кейбір өңірлерде тасқын қаупі әлі сейілмеген. Өзендерде су деңгейінің көтерілу фактілері тіркеліп жатыр.
Осыған байланысты Олжас Бектенов ТЖ министрлігіне әкімдіктермен бірге су тасқынына байланысты жағдайға бақылауды күшейтуді, қажет болған жағдайда шұғыл әрекет етіп, халықты көшіруді тапсырды.