Алты өңірде жергілікті өзендердегі су деңгейі төмендеп жатыр

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов үкімет отырысында тасқын құрсауындағы өңірлердің ахуалын баяндады.

Қазіргі таңда Атырау, Батыс, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Ресейдің Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне ағызған судың салдарынан батыста жағдай күрделене түсті, ал солтүстікте су Ақмола облысынан келіп жатыр. Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында жағдай тұрақты, жергілікті өзендердегі су деңгейі біртіндеп төмендеп жатыр. Бұл өңірлердегі елді мекендерді су басу қаупі жоқ, — деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, қазір 5 мыңнан астам тұрғын үй, 16 мыңнан астам саяжай, 1 000 аула мен 91 ғимарат су астында қалып отыр.

10 облыста жергілікті ауқымдағы 41 төтенше жағдай жарияланды. Абай және Павлодар облыстарының үш ауданында төтенше ажғдай режимі алынды. Зардап шеккен елді мекендерге су жеткізу, энергиямен жабдықтау және көлік қатынасын қалпына келтіру мәселелері министрліктің үйлестіруімен жедел шешімін таппақ. Су тасқынын жою жұмыстары басталғаннан бері шамамен  11,6 миллион текше метр су сорылып, 5 миллионнан астам құм қапшық төселді, — деді Бауыржан Сыздықов.