Әуе әлемінде жұмыс істеп, ұшақты жақыннан көру үшін тек ұшқыш болу қажет деп ойлайсыз ба? Өмірі мен жұмысы ұшақпен тікелей байланысты тағы бір сала мамандары бар. Бұл — әуе механиктері. Олар туралы көп адам біле бермейді, бірақ бұл мамандардың рұқсатынсыз ұшақ әуеге көтерілмейді. Air Astana компаниясы 2018 жылдан бері жастарды оқытып, әуе технигі атануға мүмкіндік беретін PART-66 бағдарламасын жүзеге асырып келеді.
Бағдарламаға қатысқан, өмірін әуе кемесімен байланыстырған жастар Baribar.kz тілшісіне оқу бағдарламасы туралы айтып берді.

«Бағдарлама үлкен мүмкіндік болып көрінді»

Алдияр Сүгірғали небәрі 18 жаста. Ол былтыр мектеп бітірген. Қазір Air Astana компаниясында кіші әуе механигі болып істейді.

Алдияр Сүгірғали. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Былтыр мектеп бітіре салып, осы бағдарламаға өтініш бердім. Бітіруші түлек болған соң, 11-класта түрлі мүмкіндік іздедік. Әпкем де сол кезде авиация саласында істейтін. Бір күні Air Astana компаниясының әуе техниктерін дайындау бағдарламасына іріктеу басталғаны туралы хабардың сілтемесін жіберді. Бұрыннан әпкемнің бортсерік болып, жұмысы ұшақпен тікелей байланысты болғанына қызыға қарайтынмын. Сондықтан әуе техниктерін оқыту бағдарламасы да маған әуе әлеміне жақындауға керемет мүмкіндік болып көрінді, — дейді ол.

Алдияр бірден шешім қабылдап, компания сайтына кіріп, бағдарламаға өтініш жіберген. Кейін бағдарламаның бірінші кезеңі — онлайн тестіні тапсырып, Астанаға шақырту алған.

Алдияр Сүгірғали. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Өзім Тараздың тумасымын. Тестті сол, өз қаламда отырып тапсырдым. Бірінші кезеңде ағылшын тілі бойынша сынақ тапсырдық. Кемі Pre–Intermediate деңгейі болуы қажет. Сонымен қатар механика бойынша базалық сұрақтар қамтылған тест тапсырдық. Әуе технигі болу үшін арнайы білім, аса бір қабілет керек емес. Қарапайым тартылыс заңын білетін адам, авиатехниканы да меңгеріп кете алады деп ойлаймын, — дейді ол.

Астанада Алдияр әңгімелесуден өтіп, бағдарламаға қабылданғаны туралы хабар алған. Жақында оның бағдарламаға қатысып жүргеніне бір жыл болады.

Бағдарлама Астанада өтеді. Былтырғы тамыздан бері осында кіші механикпін. Компания уақытша баспанамен қамтамасыз етіп, еңбекақы төлеп отыр. Жұмысқа қатынауға да ақша кетпейді, бұған қоса компанияның әуе рейстеріне едәуір жеңілдік те ұсынылады. Бағдарлама қатысушылары қарапайым студенттердің шәкіртақысына қарағанда көбірек жалақы алады. Дәрежең өскен сайын, табысың да арта береді, — дейді ол.

Бағдарлама қатысушысы атану үшін компания арнайы білім болғанын талап етпейді. Оқыту бағдарламасы төрт кезеңнен тұрады. Бірінші жылы қатысушылар кіші механик болып жүріп, тәжірибе жинайды. Одан соң Part 66 модулі бойынша екі жыл теориялық білім алады. Осы уақытта да қатысушылар аэродромда әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету бойынша практикалық қызметте болады. Теориялық оқуды сәтті аяқтаған соң, жас маманға EASA Part 66 сертификаты табысталады.

Алдияр бағдарламаның университеттердегі оқу бағдарламаларынан тиімді екенін айтады.

Алдияр Сүгірғали. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жақында бағдарламаның теориялық бөліміне кірісеміз. Екі жылда кіші механик мамандығын толық меңгеріп шығамын. Әзірге өзіме қызық. Бағдарламаның артықшылығы да көп. Әдетте елдегі оқу бағдарламасы бойынша студент төрт жыл университетте теория оқып, диплом алған соң жұмыс іздей бастайды. Көбі тәжірибесі болмаған соң, бірден жұмыс тауып кете алмай жатады. Ал мұнда компания бірден практика ұсынып, теориялық білім де береді, оқу аяқталғанша еңбекақыңды да береді. Уақытша тегін баспанасы да бар. Бұған қоса бес жылда халықаралық стандартқа сай сертификат беріледі. Бұл біздің салада ЖОО дипломына теңестіріледі. Біз төрт жылдан кейін тәжірибелі механик болып жүргенде, университет бітіріп келген жігіттер тек кіші механик бола алады, — дейді ол.

Алдияр — қазір аға инженерлердің көмекшісі. Олар бірге ұшақтарды күтіп алып, тексереді.

Алдияр Сүгірғали. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бір жыл болмай көп нәрсе үйрендім. Кейде ұшу алаңында, кейде ұшақжайда (ангар — ред.) жұмыс істейміз. Қазір ұшақтың фильтрін, дөңгелектерін ауыстырып, ұшақтың қозғалтқышын тексеріп, майын толтырып қоя аламын, — дейді Алдияр.

Алдияр Сүгірғали. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Күнделікті тексеріп, күштік қондырғының дерегін бақылап отыру үшін ұшқыш кабинасына да кіреміз. Сонымен қатар ұшақжайда болғанда басқа да түрлі жұмысты істеп көреміз. Ангарда әр үш, алты, 12 ай сайын ұшақтар күрделі тексеруден өтеді. Қазір практикада жүргендіктен, бәрін көріп-білгіміз келіп тұрады, — дейді Алдияр.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Алдияр қазіргі жұмыс кестесі де өте ыңғайлы дейді. Ол төрт күн жұмыс істеп, төрт күн демалады. Тамызда ол бағдарламаның екінші бөліміне кіріседі. Ол осы компанияда өсуге ниетті.

«Кішкентайымнан ойыншықты шашып, құрастырғанды жақсы көретінмін»

Бекжан Есімханов — компаниядағы аға техник. Ол мұнда 2019 жылдан бері істейді. Бекжан — дәл осы әуе техниктерін даярлау бағдарламасының түлегі. Бірақ әуелі ол мүлдем басқа сала бойынша арнайы білім алған. 2018 жылы дипломын алған, бірақ бұл салада жұмыс істегісі келмейтінін түсінген. Оның айтуынша, сол жылдары ол кенет авиация саласында істеуді армандай бастаған. Күтпеген жерден компанияның әуе техниктерін даярлау бағдарламасы жайлы естіп, көп ойланбастан, өтініш жіберген.

Бекжан Есімханов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Өзім туралы, қабілеттерім жайлы ақпарат жазып, өтініш толтырдым. Қазір қарасам, кішкентайымнан ойыншық көліктерді шашып, қайта құрастырғанды жақсы көрген екенмін. Есейе келе қарапайым нәрселерді жөндеуге, бұзылып қалған тұрмыстағы тауарларды жөндеуге икемім бар екенін байқадым. Осы жұмысқа жетелеген де сол қызығушылық шығар, — дейді ол.

Бекжан Есімханов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бекжан — Семей қаласының тумасы. Ол да өтініш жіберген соң Астанаға шақырту алған. Компания қызметкерлері үміткерлерге топтық ойын ұйымдастырып, топта қалай жұмыс істей алатынына қатысты да сынақ ұйымдастырыпты.

Тапсырмалар аса қиын емес, қорқудың да қажеті жоқ. Мақсаты — адамның ұжымда қалай жұмыс істейтінін тексеру. Біздің жұмыста бұл қабілеттің маңызы зор екенін қазір түсініп жатырмын. Кейін әңгімелесуден өтіп, Астанада оқып, жұмыс істеуге шақырту алдым. Компания басқа қаладан келген қатысушыларды Астанаға орналастырып, уақытша баспана береді, — дейді ол.

Бекжан қазіргі жұмысы туралы құлшына айтып, не істейтінін де көрсетіп берді. Ол –  әуе кемесінің толық тексерілетініне жауап беретін адам.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әуе кемесі ұшуға қаншалық дайын екенін тексеремін. Есік толық жабылған болуы қажет. Кеме ұшуға толық дайын болғанына көз жеткізген соң, арнайы параққа қолымды қойып, мөр басамын. Осындай құзіретім бар, — дейді ол күліп.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тек осыдан соң кеме әуеге көтеріле алады. Бірдеңе дұрыс болмаса, әріптес инженерлерді шақырып, мәселені түсіндіреміз. Бәрі толық дұрыс болған кезде ғана ұшақ орнынан қозғалады. Сонымен қатар, транзиттік ұшақтарды тексеріп, әуеге қайта көтерілуге дайындап жібереміз, — дейді Бекжан.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бекжанның ендігі арманы — халықаралық дәрежедегі лицензияға ие маман атану. Бағдарлама талабында EASA Part 66 стандарттарына сәйкес халықаралық инженерлік лицензия алу үшін әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуде екі жылдық тәжірибе қажет екені көрсетілген. Ол енді екі жыл тәжірибе жинаса, арманына жетеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Air Astana ұсынған оқу бағдарламасын толық бітірдім, сертификатымды алдым. Енді Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің лицензиясын алғым келеді. Алдағы екі жыл қызыққа, тәжірибеге толы болатынын сезіп тұрмын, — дейді ол.

Бекжан бұл сертификат бес жыл бұрын қорықпай басқа салаға қадам басқанының жемісі болады деп үміттенеді.

Бағдарламаға қалай қатысуға болады?

Air Astana ұсынған «Әуе механиктерін даярлау» бағдарламасы бойынша қазірдің өзінде 22 маман білім алып шықты. Жыл сайын көктемде бағдарламаға іріктеу болады. Ниет білдіргендер қазірден өтініш бере алады. Бағдарламаға қатысатын азаматтар сапалы білім алып, жетекші компанияның қызметкері атана алады.

Ботагөз Төребаева. Фото: Air Astana

Бағдарлама аясында болашақ әуе техниктері халықаралық сертификат пен EASA Part 66 лицензиясын ала алады. Бағдарламаның басты артықшылығы — оқу ақысын толығымен әуе компаниясы төлейтінінде. Түлектер халықаралық сертификат пен лицензия алады. Сонымен қатар барлық емтиханнан сәтті өткен қатысушылар Air Astana компаниясына жұмысқа тұрады. Аспан әлемін армандайтын әрі жаңа нәрсені үйренуге құштар кез келген Қазақстан азаматы бақ сынап көре алады, — дейді компанияның маман таңдау бөлімінің аға менеджері Ботагөз Төребаева. 

Оның айтуынша, қазір әуе техниктеріне сұраныс жоғары. Ол бұл авиация саласының жылдам дамығанымен байланысты дейді. Маман мұндай мамандардың жұмысы авиация әлемінде өте маңызды екенін де айтты.

Авиация индустриясы қарқынды дамып келеді. Мүмкіндіктер де артып жатыр. Сондықтан бұл саладағы мамандарға да сұраныс жоғары. Әуе техниктері мен инженерлер әуе кемелерін жобалау, әзірлеу және сынақтан өткізумен айналысады. Сонымен қатар олар жаңа технологиялар әзірлеп, ұшу процесі қауіпсіз болуы үшін түрлі шешім де ұсына алады, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
PART-66 бағдарламасына қатысқысы келетін үміткерлерге қойылатын талаптар:
  • Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек;
  • 18-21 жас аралығындағы азаматтар болуы керек;
  • Физика мен математиканы жақсы білуі керек;
  • Ағылшын тілін орташа деңгейінде білуі керек (Pre-Intermediate).

Бағдарламаға өтініш беру үшін форманы толтыру қажет. Бағдарламаға өтінімдер 2024 жылғы 20 мамырға дейін қабылданады.

Бағдарлама ұзақтығы — бес жыл, оның мынадай кезеңдері бар:

1-қадам. Компанияға жұмысқа орналасу:

Бірінші жылы қатысушы компанияда кіші механик ретінде ресми түрде жұмысқа орналасады. Бұл кезең — әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету саласында тәжірибе жинақтаудың басы.

2-қадам. Теориялық оқыту:

Part 66 модулі бойынша екі жыл теориялық білім алады және емтихан тапсырады. Осы уақытта аэродромда әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету бойынша практикалық жұмыстар да жүргізіледі.

3-қадам. EASA 66-бөлімінің сертификаты:

Теориялық оқуды сәтті аяқтағаннан кейін EASA Part 66 сертификаты беріледі.

4-қадам. EASA 66 бөлімі инженерлік лицензия:

EASA Part 66 стандарттарына сәйкес халықаралық инженерлік лицензия алу үшін әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуде екі жылдық тәжірибе қажет.

Бағдарламаның артықшылықтары:

  • А санаты бар сертификатты алу үшін үш жыл, В1/В2 санатындағы лицензияны алу үшін бес жыл оқиды.
  • Оқу Астанада қаласындағы аэродром аумағындағы ангарда өтеді.
  • Компания басқа қаладан барған курсанттарды Астана қаласындағы жатақханада орналастырады.
  • Шәкіртақы төлейді.
  • Әлеуметтік пакеті де бар ( Air Astana мен FlyArystan-ның кез келген рейсіне 90% жеңілдік, медициналық сақтандыру, жұмыс орнына және үйге қарай көлікпен жеткізіп қояды).