Жиын барысында Бас прокурор Жақып Асанов үйленетiн жастарға мiндеттi курстан өтудi ұсынды.
«Сүйдiм, күйдiм деген екi жас көп ойланбай үйленедi. Басында бәрi тамаша, кейiн көңiлдерi қалып, олар дау-жанжалға, тiптi қол жұмсауға барады. Арты — сот, балалар бөлiнедi, құдалар ажырайды, мүлiкке таласады. Ажырасу жағынан Қазақстан алғашқы жағымсыз ондықтың iшiнде. Басты себеп — отбасы деген не, бақытты семьяның құпиясы неде екенiн жастар бiле бермейдi. Сондықтан, үйленемiн деушiлерге арналған мiндеттi курс болуы керек. Олар өтпесе, неке болмауы керек. Бұндай тәжiрибе көптеген елдерде бар. Мысалы, Сауд Арабиясы, Малайзия, Италия, Латвия мен бiрқатар елде бар. Сондықтан, оқушылар мен үйленемiн дейтiндер осындай курстардан өтетiн болса, онда Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтқан 5 қасиеттi олардың бойына сiңiруге болар едi. Олар қандай қасиеттер десеңiз: бәсекеге қабiлеттi болу, прагматизм, ұлттық сана-сезiм, бiлiмдi болу, өзгерiстерге дайын тұру», — дедi Жақып Асанов.