2024 жылдың басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін жалпы сомасы 116,6 миллиард теңге мемлекеттік жәрдемақылар орта есеппен 577,4 мың отбасын қамтыды.
Бұл туралы Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Соның ішінде наурыз айында бұл жәрдемақыны 583,1 мың отбасы (39,4 миллиард теңге) алған.
Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе бірге тұратын 23 жасқа толмаған күндізгі бөлімде оқитын отбасылар табысына қарамастан бұл мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауға өтініш бере алады.
Төлемдердің мөлшері балалардың санына байланысты сараланады:
- 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
- 8 және одан да көп балаға – 4 АЕК немесе әр балаға 14 768 теңге.
Айта кетейік, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап баласы бар отбасыларға берілетін барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 7%-ке өсті.
Биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474,8 миллиард теңге қарастырылған.