Мәдениет және ұлттық дәстүр күнінде елорданың Байқоңыр ауданы әкімдігінің бастамасымен «Асыл мұра – киіз үй» атты киіз үй тігу бойынша шеберлік сабағы өткізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ұлттық дәстүрді ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара елорданың Қошке Кемеңгерұлы атындағы №49 мектеп-гимназиясында өтті.
Киіз үй – халқымыз үшін қашан да қымбат қазына. Оны жастар арасында насихаттау, тігу, қайта жығу, жинауды үйрету, жасау-жабдығын орнымен қолдана білуге баулу – шеберлік сабағының негізгі мақсаты болды. Аталған іс-шара осымен екінші мәрте ұйымдастырылып, жалғасын тапты. Шеберлік сабақ барысында этнограф Акеділ Тойшанұлы оқушыларға киіз үйді тігудің дұрыс техникасы мен ерекшеліктерін айтты. Киіз үй сүйектерінің дәстүрге сай орналасуы, керегенің жайылуы мен таңғыштарының дұрыс байлануы, сықырлауықтың ақаусыз бекітілуі, шаңырақтың көтерілуі, уықтардың шаншылуы, баулар мен басқұрлардың дұрыс ұсталуы, шилер мен киіздердің жабылуын оқушылар өз көздерімен көріп, оларға әр заттың маңызы туралы егжей-тегжелі түсіндірілді.
“Киіз үй – әлемде теңдессіз, сән-салтанатымен, бай мұрасымен, кескін-келбетімен ешбір жерде қайталанбайтын ұлттық сәулет өнері. Бүгін шеберлік сабақта сегіз қанат, тоқсан басты үлкен киіз үй құрылды. Кітап не суреттен киіз үйдің құрылғанын көрмесе, өмірде жасөспірімдер көре бермейді. Бұл шеберлік сабағы балалардың ұлтқа адал әрі іскер болуына әсер ететінімен құнды”, — деді өз сөзінде этнограф.
Іс-шараның қолдаушысы ретінде белгілі әнші Досымжан Таңатаров қатысып, мұндай шеберлік сабақтарын өткізу қала, тіпті республика көлемінде жалғасу қажеттігін айтты.
“Көшпенді тұрмыстың төл туындысын құру – мерекелі жиын, үлкен той. Оны құрудың да техникасын меңгеру керек. 16 наурыз Мәдениет және ұлттық дәстүр күнінде ұйымдастырылғаны ерекше әсер сыйлайды. Әсіресе, астаналық оқушылар үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Мән-маңызы орасан іс-шара мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, ауқымды түрде өткізілгені дұрыс”, — деді әнші.
Киіз үйді тігудің техникасымен танысқан оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын да қойды. Іс-шара соңында оқушылар өнерлерін ортаға салып, домбырада күй шертіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Солардың бірі – №49 мектеп-гимназиясының 8 “Ғ” сынып оқушысы Мақпал Байғазина.
“Наурыз мейрамы қарсаңында өткізілген шеберлік сабағы өте қызықты өтті. Киіз үйді дұрыс құрудың куәгері болғаныма қуаныштымын. Мектебімізде осындай іс-шаралар жалғасып, жиі өткізілсе деймін. Себебі ұлттық құндылықты ұлықтау – әрбіріміздің парызымыз. Мен бүгін қыз тәрбиесіне қатысты жөн-жоралғылар туралы көп ақпарат алдым”, — деді оқушы.