Оның аясында 29 сәуір мен 13 мамыр күндері елордада «Біз таза қала үшін!» атты жалпықалалық сенбілік өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, елорда әкімінің тапсырмасымен экологиялық айлықты және жалпықалалық сенбілікті өткізу бойынша штаб құрылды. Оның құрамына қала әкімінің орынбасарлары және қалалық басқармалар мен қызметтердің басшылары кірді.
Экологиялық айлық өтетін кезеңде білім мен денсаулық сақтау мекемелеріне бекітілген аумақтарды жүйелі түрде тазарту, көгалдандыру ұйымдастырылады. Сондай-ақ, су нысандарының мұнай өнімдерімен, тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен ластануын болдырмау мақсатында аталған нысандарды тұрақты бақылауға алу көзделген.
Экологиялық айлық барысында жеке тұрғын үй орамдарында тұрмыстық қалдықтарды орталықтандырылған жинау жұмыстары қамтамасыз етіледі, қоғамдық көліктің санитарлық жағдайы тексеріледі.
Аудан әкімдерінің аппараттары, қалалық басқармалар, коммуналдық кәсіпорындар бұл жұмыстарға 100 мыңнан аса адамды, 4 452 мемлекеттік мекемені тартуды жоспарлап отыр. Экологиялық айлыққа қатысатын мекемелердің арасында кәсіпорындар, денсаулық сақтау нысандары, орта мектептер, ЖОО, құрылыс ұйымдары, шағын және орта бизнес нысандары бар. Сонымен бірге, 425 дана арнайы техника мен 15 мыңнан аса құрал пайдаланылады. Сенбілік барысында қаланың аумағын санитарлық тазарту, ағаш көшеттерін отырғызу, аулаларды және орамішілік аумақтарды абаттандыру, шағын архитектуралық формаларды орнату, тротуарларды кеңейту жоспарланған.
Сондай-ақ, қаланың барлық ауданында заңсыз қоқыс орындары жойылып, қосымша жарықтандыру тіректері орнатылады, көшелер абаттандырылып, асфальт жабыны жаңартылады.
Жалпы, қала бойынша 6750 ағаш отырғызу жоспарланған.