Басты бетЖаңалықтарЖаңаөзен қаласын...

Жаңаөзен қаласын су басу қаупі бар – фейк

Әлеуметтік желіде Жаңаөзен қаласы су тасқынына дайындалып жатқаны туралы ақпарат тарап жатыр. Өңірлік қоғамдық коммуникациялар орталығы бұл ақпаратты теріске шығарды.

Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Жайнат Әуесбаев бұл ақпараттың фейк екенін нақтылады.

Құрметті Маңғыстау облысының тұрғындары мен қонақтары, Жаңаөзен қаласын су басу қаупі бар және оған құзырлы органдар дайындық жүргізіп жатыр деп әлеуметтік желіде тараған ақпарат жалған. Қазір Маңғыстау облысында су тасқыны қаупі жоқ. Тек ресми мемлекеттік мекемелер ұсынған ақпаратқа сенулеріңізді сұраймыз, — деді ол.

Маңғыстау облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тілекберген Селбаев көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.