Кейінгі бірнеше жыл көлемінде еліміздің білім саласында STEAM тәсіліне көп көңіл бөлініп жатыр. Оқушылардың инженер және креатив машықтарын дамытуға бағытталған тәсіл ел мектептеріне барынша кіріктіріліп жатыр. Соның бір мысалы – Астанадағы Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM мектебі. Білім ордасы 2021 жылы STEAM.KZ білім беру стартабымен бірігіп, бастауыш мұғалімдерін STEAM тәсіліне оқытуды қолға алды. Бұл бағыттағы жұмыс қалай жүзеге асқанын мектеп директоры Құралай Байтажикова айтып берді. 

STEAM және BINOM мектебі

STEAM – ғылым, технология, инженерия, өнер және математиканы біріктіретін жобалар арқылы оқушыларды бәсекеге қабілетті және сыни ойлай алатын азаматтар етіп тәрбиелеуді көздейтін білім беру тәсілі. Бұл тәсіл балалардың өз бетінше ізденіп, білім алуына және сол білімін іс жүзінде жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Тәсіл Қазақстан мектептеріне кейінгі 5-10 жыл көлемінде ене бастады. Қазіргі таңда көптеген мектеп STEAM бойынша жұмысты барынша қолға алып жатыр. Соның бірі — Астанадағы Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM мектебі. 

BINOM мектебіндегі оқу процесі отандық және Финляндия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея сияқты елдердің озық білім жүйесіне негізделген. Мектеп мақсаттарының бірі – оқушыларға халықаралық стандарттарға сай сапалы, тегін білім беру. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мектеп директоры Құралай Байтажикова STEAM білім беру әдісін зерттеп, оның әлеуеті зор екеніне көз жеткізген. 

Маңызды машықтарды дамытады

Қазіргі таңда пәндерді жеке-жеке оқытқаннан гөрі физика, химия, биология, информатика, математика сияқты біріктіріп оқытқан маңызды. Өйткені STEAM оқушылардың практикалық машықтарын, функционалдық сауатын арттыруға зор ықпал етеді. Одан соң коммуникация құру, топпен жұмыс істеу, мәселені шеше білу сияқты маңызды машықтар мен қабілеттерді де дамытады, – дейді Құралай Байтажикова. 

Құралай Байтажикова
Құралай Байтажикова. Фото: STEAM.KZ

Мектеп директорының айтуынша, STEAM бағытының тағы бір артықшылығы — балаларды бір жобаны іске асырудан бастап, оны сынап көруге, қатемен жұмыс істеуге үйретуі. Жобаны жүзеге асыру процесі кезең-кезеңімен жүзеге асатындықтан, баланың бойында көптеген машық қалыптасады. Мысалы: болжам жасау, жоспар құру, оны амалға айналдыру, сынап көру, дұрыс шықпаса қайтадан бастау. 

Сол себепті STEAM қазіргі ең өзекті, ең қажет тәсілдердің бірі деп есептеймін. Өкініштісі, біз оның өзектігін түсінсек те, енгізу жағынан әлі кенже қалып келе жатырмыз. Пәндерді қалай оқытсақ та, осы STEAM дамытатын машықтарды әлі толықтай жүзеге асыра алмай келеміз. Мысалы, Қазақстаннан әлемге танымал өнертапқыштар неге аз шығады? Ал АҚШ сияқты елдер Илон Маск секілді өнертапқыштарымен қалай көптеп танымал болып жатыр? Мұның себебі АҚШ-тың кезінде осындай жобалық тәсілге көптеп көңіл бөлгенінен деп есептеймін. Сондықтан біз де қазір STEAM-ді дамытуды қолға алсақ, онда балалардың бойына болашақта пайдалы болатын өнертапқыштық, зерттеушілік қабілеттерді дарытар едік. STEAM-ді қос қолдап қолдайтыным да сондықтан, – дейді педагог. 

STEAM.KZ-пен жұмыс нәтижелі болады

Мектепке осы оқыту тәсілін енгізу мақсатында Құралай Байтажикова 2021 жылдың оқу жылынан бастап STEAM.KZ мұғалімдерге арналған білім беру платформасымен тығыз жұмыс істей бастаған. Білім беру платформасы әртүрлі пән мұғалімдерге сабақ барысында қолда бар заттардан STEAM жобалар жасауға мүмкіндік беретін дайын контент ұсынады. Бірлескен жұмыс аясында мектептің 47 бастауыш мұғалімі STEAM білім беру бойынша білім алып, арнайы трениңнен өткен.

STEAM.KZ-пен ортақ жұмыс өте нәтижелі болды. Практик ретінде мектепке не қажет екенін, не жетіспейтінін айтқанымда, соған сай платформа жұмысын дамытып отырды. Көп мұғалім STEAM-нен қорқады, өйткені оны өте бір күрделі, таза ғылыми жұмыс деп ойлайды. Ал STEAM.KZ өте қарапайым. Қолжетімді материалдар мен ресурстар арқылы баланың креатив ойлау машығын қалай арттыруға болатынын көрсетті. Сонымен қатар бізге тек өнім беріп қоймай, бір жыл бойғы жұмысты сүйемелдеп отырды. Мұғалімдердің әрқайсымен жұмыс істеп, қолдау көрсетті, сабақтарына қатысты. Бір қарағанда аса маңызды көрінбегенімен, бұл STEAM-нің енуіне барынша ықпал етті, – дейді Құралай Байтажикова. 

Бастауыш класс мұғалімдері STEAM бойынша арнайы курсты аяқтаған соң, өз класында түрлі жоба жасауға кіріскен. 

Мысалы, бір жобада музыка, дүниетану, тіпті математика мен әдебиет те көрініс тапты. Бала бір жобаны жасау үшін бірнеше пәнді зерттеуге тиіс болды. Ал ең ғажабы балалардың өз қолымен жасаған жобаға тамсана қарап, ерекше қуануы дер едім. Осылай, баланың тағы бір жоба жасауға талпынысы артып, ізденімпаздығы дамиды, – деп бөлісті мектеп директоры. 

Қорытынды зерттеулер не дейді?

Қаныш Сәтбаев атындағы мектепке STEAM бағыты сәтті енгізілген соң, бұл бастаманы басқа да BINOM мектептеріне енгізу қолға алынды. Бұл ретте STEAM тәсілінің тиімдігін анықтау үшін 2022 жылы арнайы зерттеу де жүргізілген. BINOM мектептерінің 344 оқушысы мен 84 мұғалімі қатысқан зерттеу нәтижесі STEAM тәсілінің оқушылардың маңызды машықтары дамуына, оқуға деген қызығушылығы артуына ықпал ететінін көрсеткен. Мысалы, 4-7-класс оқушыларының 84,7%-і жоба тапсырмаларын орындауға белсене қатысқан. Ал 8-11-класс оқушыларының бәрі дерлік жоба аясында тапсырмаларды орындап, өз идеяларын сынап көрген. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқан оқушылардың көпшілігі мұғалімдерге сұрақ қойып, құлшына жұмыс атқарған.

мектеп, оқушы, мұғалім
Фото: STEAM.KZ

Негізі білімнің балаға қаншалық жақсы берілгенін зерттеу өте қиын. Оның нәтижесін тек уақыт өте келе байқай аламыз. Десе де STEAM тәсілінің баланың болашағы үшін қалай да пайдалы боларына сенімдімін. Өйткені бастауыш кезінен өз қолымен жоба жасап үйренген оқушы уақыт өте келе ғылымға қызығып, зерттеу машықтарын дамыта түседі. Сондықтан STEAM тәсілі еліміздің барлық мектебіне енгізілсе деп армандаймын, – деп түйіндеді Құралай Байтажикова. 

Жалпы алғанда зерттеуге қатысқан мұғалімдердің 90%-тен астамы STEAM тәсілінің нақты әлеммен байланысты білім алуға мүмкіндік беретінін растайды. Бұдан бөлек оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауына, шешім қабылдау машықтарын дамытуға ықпал ететінін айтады.