Басты бетЖаңалықтарОралда Шаған...

Оралда Шаған және Деркөл өзендері қауіпті деңгейден асып кетті

Орал қаласында Шаған және Деркөл өзендері қауіпті деңгейден асып кетті. Бұл туралы БҚО төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Мамандардың айтуынша, Деркөл өзенінің гидробекетінде су деңгейі 708 (қауіпті деңгейі – 600-650 см), Шағанда 1 264 сантиметрге, сонымен қатар Жайықта 583 сантиметрге жетті.

Шаған және Деркөл өзені бір арнады толық тоғысты. Жайық өзенінің көтерілуі және аталмыш екі өзеннің тоғысуы судың ағыспен кетпей, сыртқа шығуына алып келді.  Соның салдарынан өзен сулары арнаға сыймай, Оралдағы Самал шағынауданына жайыла бастады. Қазіргі уақытта Самал шағынауданының тұрғындарын қауіпсіз жерлерге, эвакуациялық пункттерге көшіру жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар мен коммуналдық қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр, — делінген хабарламада.

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Самал шағынауданына барып, жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Фото: Ақмола облыстық ТЖД

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, құтқарушылар Деркөл кенті қазақ-түрік лицейі ауданы және «Самал 3» шағынауданында аулаларды қарап шықты. Тұрғындардың жартысынан көбі туыстарына алдын ала кеткен. Қалғандары эвакуациядан бас тартты.

Жарық бар, тұйықталудан қамтамасыз етілді. Эвакуациялауға БҚО ТЖД жеке құрамы, апаттар медицинасы орталығы, № 28237 әскери бөлімі, Ұлттық ұланның № 5517 әскери бөлімі, аумақтық қорғаныс арнайы техникалармен қатысуда. Облыс және қала басшылары, ТЖД бастығы оқиға орнында. Төтенше жағдайлар, полиция департаменттерімен кезекшілік ұйымдастырылған. Тұрғындардан дүрбелеңге түспеуді, төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарына сәйкес әрекет етуді және қажет болған жағдайда қауіпсіз жерлерге көшуді сұраймыз. Көмек қажет жағдайда 112 телефонына хабарласуға болады, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар су басу қаупі төнген Теректі ауданы Ұзынкөл ауылынан 705 адам көшірілсе, соның 230-ы – балалар. Олардың 685-і (223-і – балалар) туыстарына кетсе, қалғандары Теректі ауданы Подстепный ауылындағы және Орал қаласындағы мектептерге орналастырылды.