Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында Елек өзеніндегі су деңгейі қауіпті деңгейден асып кетті.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың мәліметінше, өзеннің суы Шілік гидрологиялық бекетінде бір тәулік ішінде 186 сантиметрге көтеріліп, 785 сантиметрге (қауіпті деңгей – 750 см) жетті.
Ресейдің Орынбор облысы жағынан су келіп жатыр. Су деңгейі 800 сантиметрден асқан жағдайда ауданның өзен бойында орналасқан елдімекендеріне қауіп төнуі ықтимал, — деді Тілеген Шапанов.
«Қазгидромет» мәліметінше, Жайық өзеніндегі су деңгейі бір тәулік ішінде Орал қаласы тұсында 84 сантиметрге көтеріліп, 457 сантиметрге (қауіпті деңгей – 850 см) жетті.
Шаған өзені Чувашин ауылы тұсында 1 211 (қауіпті деңгей – 1280-1300 см), Деркөл Белес маңында 670 (600-650), Қараөзен Жалпақталда 756 (790-820) сантиметрді көрсетті.