Есірткі саудасымен айналысқан төрт ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты.
Биыл есірткіге қатысты 2 063 қылмыстық құқық бұзу дерегі анықталды. Есірткі өткізудің 517 фактісіне тосқауыл қойылды. Әрбір үшінші дерек интернет арқылы жасалғанын атап өткен жөн. (162). Сонымен қатар есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 149 фактісі анықталды, — деді Шыңғыс Алекешев министрліктің апталық баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, төрт ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Соның ішінде бір трансұлттық қылмыстық топ бар. Олар синтетикалық препараттарды жеткізумен және сатумен айналысқан.
Ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін сегіз қылмыстық іс қозғалды. Қылмыскерлерден 66 келі есірткі тәркіленді. Бұдан басқа 16 есірткі зертханасы анықталды. Оның сегізінде синтетикалық есірткі өндірілген, яғни Алматыда — төрт, Алматы облысында – үш, Шымкентте бір зертхана жойылды. Есірткі өндіруге қатысқан 15 адам ұсталды. Олардан 128 келі есірткі мен 390 литр прекурсор тәркіленді, — деді ресми өкіл.