Басты бетЖүргізуші куәлігін...

Жүргізуші куәлігін ауыстырған кезде нені білу керек?

Жүргізуші куәлігін қандай жағдайда ауыстыру керек?

  1. Жеке куәліктегі аты-жөніңізді өзгерткен кезде;
  2. Жарамсыз болып қалған кезде;
  3. Жарамдылық мерзімі біткен кезде;
  4. Жоғалтып немесе ұрлатып алған жағдайда.

Қандай құжаттар керек?

Жүргізуші куәлігін ауыстыратын болсаңыз, Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе ішкі істер органдарының жол полициясының тіркеу-емтихан бөлімшелеріне баруыңыз керек. Сондай-ақ, бұл қызметті электронды үкімет порталы арқылы да алуға болады.

Куәлікті ауыстыру үшін сізге төмендегідей құжаттар керек:

  • Әкімшілік полицияға барсаңыз, жүргізуші куәлігін қайта жасатуға өтініш жазуыңыз керек. ХҚКО-да оны қызметкелер жазып береді;
  • Жеке куәлік;
  • 083/у нысанды медициналық анықтама, психиатриялық және наркологиялық диспансерден анықтамалар және ерлер үшін әскери билет;
  • Мемлекеттік баж алымын төлегеніңізді растайтын құжат. Қазіргі таңда баж алымы 2 836 теңгені құрайды (1,25 АЕК);
  • Аты-жөніңізді өзгерткен болсаңыз, соны дәлелдейтін құжат;
  • Тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркеуді растайтын құжат.

Жүргізуші емтиханын қайта тапсыру керек пе?

Егер куәліктің қолданылу мерзімі аяқталмаса, онда жоғалту немесе ұрлану бойынша жүргізуші куәлігін ауыстыруда емтихан тапсыру талап етілмейді.

Қанша уақыт алады?

Егер жүргізуші куәлігін қолданылу мерзімінің аяқталуынан немесе аты-жөніңізді өзгерту бойынша  алмастырып жатсаңыз,  барлық рәсім бір сағаттан артық уақытты алмайды.

Себебі, құжаттарды тексергеннен кейін сізге жүргізуші куәлігін алуға жолдама берілетін болады. Осы жолдамамен және барлық бар құжаттармен фотокабинетке өту, фотосуретке түсу және жаңа жүргізуші куәлігін алуды күту қажет.

Ал, жүргізуші куәлігін жоғалтып алғандықтан қайта жасатсаңыз, «Телнұсқа» белгісі бар жаңа куәлікті барлық құжаттарды тапсырған сәттен бастап бір айдың ішінде аласыз. Осы уақытқа сізге уақытша жүргізуші куәлігі беріледі.

Жаңа куәлікте қандай деңгейлер қосылуы мүмкін?

1996 жылдан бастап берілген жүргізуші куәлігін ауыстырған кезде:

  • “А” деңгейі үшін  – “А”, “А1”;
  • “В” деңгейі үшін – “В”, “В1”;
  • “С”  деңгейі үшін – “С”, “С1”;
  • “D” деңгейі үшін– “D”, “D1”;
  • “Е” , “В” , “С” ,“D” деңгейлеріі үшін – “ВЕ”, “СЕ”, “С1Е”, “DE”, “D1E”;
  •  “Tb” деңгейі үшін – “Tb”, емтихан тапсырған соң  “D”, “D1” деңгейлері қосылады;
  • “Tm” деңгейі үшін – “Tm” деңгейіндегі куәлік беріледі.

Материал электронды үкімет порталының мәліметтері мен интернет сайттардағы ақпараттар бойынша әзірленді.