Елімізде аталып өтіп жатқан Наурызнаманың онкүндігіне сәйкес, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні Батыс Қазақстан облысында «Ұлттық спорт» күніне арналған садақ ату және аударыспақ спорты бойынша қала тұрғындары мен әуесқойлар арасында жарыс өтті.
Бұл туралы БҚО әкімдігі хабарлады.
Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтады.
Мемлекет басшысының бастамасымен биыл елімізде Наурыз мейрамы Наурызнама атауымен жаңа форматта тойланып жатыр. Наурызнаманың әр күні ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған. Бүгін міне Ұлттық спорт күні. Бұл күні ұлттық спорт түрлерінен өтетін сайыста бас қосып отырмыз. Облысымызда өтіп жатқан сайыстардың мақсаты – ата-бабаларымыздан жеткен, ұлтымыздың қайталанбас ерекшелігін көрсететін ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізу, — деді облыс әкімі.
Бұдан кейін өңір басшысы жиналғандар алдында садақ атуды бастап берді.
Садақ ату және аударыспақ спорты бойынша өткен бәсекеге жастар және қала тұрғындары қатысты.
Жалпы Наурыз қарсаңында Ұлттық спорт күні Батыс Қазақстан облысында кеңінен аталып өтті.