Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмысын бастауымыз керек – Елбасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру керектігін айтты.

«Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын.

Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салада біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы 2025 жылға қарай іс қағаздары, мерзімді баспасөз, оқулықтар, бәрі латын әліпбиімен басып шығарыла бастауы тиістігін атап өтті.

«Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек», – деп тапсырды мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, жастар үшін латын әліпбиін үйрену ешқандай қиындық туғызбайды.

«Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті қолданыла тұратынын атап өтті.